Өзбекстан Қазақстанмен арадағы шекараны уақытша жапты

Әуе қатынасы тоқтатылмайды. Алайда Өзбекстанға келетін адамдар ПТР-тестің теріс нәтижесін көрсетуге міндетті

 Алматы, NEGE. Өзбекстан 15 қаңтардан бастап Қазақстанмен арадағы мемлекеттік шекарадан өтуді уақытша тоқтатты, деп хабарлайды елдің сыртқы істер министрлігі.  

«Аталған шаралар Өзбекстанға коронавирустың жаңа штамы – «Омикронды» кіргізбеу үшін қолға алынып отыр» делінген ресми хабарламада. Әуе қатынасы тоқтатылмайды. Алайда Өзбекстанға келетін адамдар ПТР-тестің теріс нәтижесін көрсетуге міндетті.

Анықтама, кем дегенде, 48 сағат бұрын алынуы шарт. Бұдан бөлек, коронавирустық инфекцияны анықтауға арналған экспресс-антиген тестті тапсыру қажет.

Дегенмен, кейбір адамдар автокөлікпен мемлекеттік шекарадан өте алады.Олар:

елге оралатын Қазақстан және Өзбекстан азаматтары;

үкіметаралық фельдъегерлік байланыс мамандары;

халықаралық жүк тасымалын жасайтын жүргізушілер;

ресми (үкіметтік) делегациялардың құрамында жүрген адамдар;

дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер және халықаралық ұйымдардың қызметкерлері, сондай-ақ, олардың отбасы мүшелері;

Қазақстан аумағында орналасқан Өзбекстанның нысандарына қызмет көрсететін мамандар, сондай-ақ, Өзбекстан аумағында орналасқан Қазақстанның нысандарына қызмет көрсететін мамандар;

инвестициялық жобалар аясында қызмет атқарып жүрген азаматтар;

Өзбекстанда тұрақты түрде тұратын Қазақстан азаматтары және Қазақстанда тұрақты түрде тұратын Өзбекстан азаматтары;

емделуге баратындар, ауырып жатқан жақын туыстарына баратындар және жақын туыстарын жерлеуге шыққандар;

марқұмдардың денесін алып келе жатқандар.