Өзбекстан Еуразиялық одаққа кіру жөнінде өтініш бермеген
Өзбекстаннан не басқа елдерден Еуразиялық одаққа кіру жөнінде ресми өтініш түспеді деп мәлімдеді Ресейдің сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин «Россия сегодня» агенттігіне берген сұхбатында.
Алматы, NEGE. Бірақ оның сөзінше, Ташкент Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кірудің пайдалы тұстарын көріп отыр.
«Бізбен байланысқан өзбек әріптестеріміз одаққа кірудің бірқатар пайдалы тұстарын растап отыр: ортақ нарыққа кіру, жұмыс күші, қызмет көрсету, сонымен бірге инвестициялық мүмкіндік», – дейді Александр Панкин. Қаңтар айының соңында парламенте сөйлеген сөзінде өзбек президенті Шавкат Мирзияев елдің ЕАЭО-ға бақылаушы мәртебесін алуға дайын екенін жеткізген. Александр Панкин Өзбекстанның бұл қадамы одаққа толық мүше болуға бара жатқан жолы деп есептейтінін айтып қалды. Өзбекстанның ЕАЭО-ға қосылу мүмкіндігі қатты талқыланып жатыр. Одаққа кіруге қарсылар Өзбекстан тәуелсіздігіне қауіп төнеді деп алаңдайды.