Өзбекстан құрамасы Конгоға есе жіберіп, әлем чемпионатындағы ойынын аяқтады
Футболдан Өзбекстанның ұлттық құрамасы К тобындағы үшінші тур матчында Конго Демократиялық Республикасы футболшыларынан 1:3 есебімен жеңілді.
Астана, NEGE. АҚШ-тың Атланта қаласындағы «Мерседес-Бенц Стэдиум» аренасында өткен матчқа германиялық Феликс Цвайер төрешілік етті.
Өзбекстан футболшылары матчтың 10-минутында есеп ашты. Аббосбек Файзуллаевтың нәтижелі пасынан кейін Элдор Шомуродов қақпаға дәл соққы жасады. Матчтың 17-минутында Натанаэль Мбкук өзбекстандықтардың қақпасына гол соқты. Алайда VAR жүйесі арқылы эпизод қайта қаралғаннан кейін, ереже бұзушылық тіркеліп, гол есепке алынбады.
Үзілістен кейін конголықтар ойын барысын толық өзгертті. 68-минутта Йоан Висса пенальтиді сәтті орындап, есепті теңестірді. Арада он минут өткенде Фистон Майеле гол салды. Қосымша уақытта Йоан Висса дубль авторы атанып, матчтың қорытынды есебін – 3:1 етіп белгіледі. Осылайша, Конго құрамасы төрт ұпаймен топта үшінші орын алып, әлем чемпионатының 1/16 финалына жолдама алды.
Ал Өзбекстан ұлттық құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатында дебют жасағанымен, топтық кезеңді ұпайсыз аяқтады. Үш матчта өзбекстандық футболшылар екі гол соғып, 11 гол жіберіп алды. Алғашқы екі турда Фабио Каннаваро шәкірттері Колумбиядан 1:3 есебімен жеңіліп, Португалиядан 0:5 есебімен ойсырай ұтылған болатын.