Отшашудан абай болыңыз!

Отшашулар кез келген мерекенің сәнін қыздырары сөзсіз. Алайда оның да қолдану ережелері бар және оны келе жатқан мерекеде ескерген жөн.

Алматы, NEGE. Almaty.tv тілшісіне кеңес берген арнайы мамандар баласының амандағын тілеген ата-аналар отшашулардың сатылымын ерекше бақылауға алу керегін айтады. «Себебі пиротехника саудасымен айналысатындар балалардың жасына да мән бермей, сұрағанын қолына ұстата салады» – дейді.

«Олар қолында қалай жарылып кеткенін түсінбей қалады. Бір-бірімен ойнап, киімінің астына лақтырып жатады. Пиротехникадан түскен жарақаталғандар саны жылдан-жылға көбейіп жатыр. Алатау, Жетісу ауданында көп», – деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы күйік бөлімшесінің меңгерушісі.

Медицина қызметкерлерінің ұсынған дерегіне сүйенсек, жылда Жаңа жыл түнінде 20-30-ға жуық адам пиротехниканы қолдану кезінде жарақат алып, ауруханаға түсетін көрінеді. Төтеншеліктердің айтуынша, қыс мезгіліндегі өрттің 20 пайызы да дәл осы пиротехникалық заттарды пайдалану кезінде тұтанады екен. Сондықтан пиротехника қаупінен сақтану үшін қауіпсіздік ережесінен бөлек, сатып алу кезінде тауардың сапасына назар аударған абзал. Себебі жайма базарларда, әсіресе мереке қарсаңында, мерзімі мен нормасы ережеге сай келмейтін отшашулар саны күрт артатын көрінеді.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өткен жылы пиротехникалық заттарды дұрыс қолданбау салдарынан, 31 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында, еліміздің ірі қалаларында орта есеппен алғанда үш өрт оқиғасы тіркелген. Сондай-ақ әрбір облыс орталығында статистика бойынша, 3-5 адам түрлі күйік жарақатын алады. Ал оған тауардың тиісті нормаға сәйкес келмеуі, ереженің сақталмауы сынды деректер себеп болады. Сондықтан құтқарушылар отшашуды сатып аларда сатушыдан анықтама талап етіп, мұқият болуға шақырады.