«OTBASY TRAVEL» жобасының қатысушылары Шымкентке келді

Маусым айының басында Батыс Қазақстан облысынан саяхатқа шыққан 4 жанұялық экспедициялық құрам Шымкентке келіп жетті. Олар Рахмановтар, Текебаевтар, Ерсаевтар, Хамзалар отбасы.

Шымкент, NEGE.  30 күнге жоспарланған отбасылық саяхаттың мақсаты – еліміздің тарихи орындары мен республикалық деңгейдегі қорықтарын, Ұлттық парктерін аралап, жас ұрпаққа дәріптеу.

Жоспар бойынша автосаяхатшылар Қазақстанның 13 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларын аралап жалпы 15 мың шақырымды жүріп өтпек.

Адам саяхат жасамайды. Саяхат адамды жасайды. Топ құрамында «Жайық Пресс» ақпараттық агенттігінің басшысы Нұрлыбек Рахманов ерекше бастаманың әсіресе балалардың туған жер туралы танымдық пікір қалыптастыруға септігі мол дейді.

- Бұл сапарды қыс мезгілінде жоспарлаған болатынбыз. Жазғы еңбек демалысын жанұялық достарымызбен келісіп, балаларымызға еліміздің бай тарихын көрсетіп шығуды жөн санадық. Саяхат барысында бүлдіршіндер Қазақстанды жаңа қырынан көріп, ерекше таңданысып жатыр. Сапарымыздың соңғы күндері Шымкент қаласы мен Түркістан облысына тура келді. Бүгін сіздердің қалаларыңызда болып, әрі қарай Ақмешіт үңгіріне жол тартамыз, -дейді Нұрлыбек Нұрланұлы.

«Отан отбасыдан басталады. Отбасы саяхаты – Отаннан басталады». Дәл осындай ұранымен ішкі туризмді насихаттаудың ерекше бастамасын қолға алған жанұя мүшелеріне «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы ұлттық кәде сыйлар ұсынып, Шымкент қаласының туристік нысандары туралы кең көлемді мағлұмат берді. Енді «Otbasy Travel» жобасының қатысушылары Түркістан, Қызылорда облыстарын аралап Орал қаласына қайтуды жоспарлап отыр.

Қазір оқып жатыр

Жақсылық Омарға қатысты үкім қайта қаралады

Президенттің сәйгүлігі туралы шетелдік басылымдар жарыса жазып жатыр

«Мешітте түнеген»: Ата-анасымен ренжісіп, үйден кеткен жасөспірім қала сыртынан табылды

Атырау облысындағы отбасы өлімі: тергеу аяқталды