«Отбасылық құндылықтар – ұлт болашағының кепілі» – Көпбалалы ана Қарлығаш Шарықбаева
Қоғамның негізі отбасы десек, сол отбасының тұтастығы мен құндылықтары ұлттың болашағына тікелей әсер ететіні анық. Бүгінгі күні заманауи ақпарат тасқыны мен технологияның дамуы балалар тәрбиесіне өз ізін қалдырып жатыр. Осындай күрделі кезеңде ұлттық тәрбиені сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу – әр ата-ананың парызы. Осы орайда NEGE тілшісі көпбалалы ана, «Күміс алқа» иегері, отбасылық кәсіппен айналысатын үлгілі ана Қарлығаш Шарықбаевамен сұхбаттасты. Ол өмірлік тәжірибесімен, отбасындағы тәрбие қағидаларымен бөлісті.
– Қарлығаш, қазіргі заман тәрбиесінде қандай қиындықтарды байқайсыз?
– Қазіргі тәрбиеде мен ең алдымен балаға бөлінетін уақыттың жетіспеушілігін байқаймын. Көп ата-ана баласын тамақтандырса, киіндірсе болды деп ойлайды. Ал шын мәнінде, балаға ең қажеті – көңіл мен тілдесу. Ашық диалог болмаған бала жабайы ағаш секілді: сырт көзге бәрі дұрыс, бірақ ішінде не болып жатқанын ешкім білмейді. Мысалы, ата-ана күнде жұмыстан шаршап келіп, баламен тілдеспей, тек телефон шұқып отырса, бала да солай қалыптасады. Қоғамда кездесетін дөрекі сөздер, өзгелерге деген құрметтің болмауы, жауыздық – мұның бәрі отба сындағы тәрбиенің жетіспеушілігінен шығады.
– Көпбалалы ана болу сіз үшін нені білдіреді?
– Мен үшін көпбалалы ана болу – жауапкершілік қана емес, болашаққа деген үміт. Ұрпағымның әрқайсысы елге қызмет етер тұлға болса екен деймін. Қазіргі жастар арасында «бір бала жетеді, оған бар күшімізді салайық» деген ой бар. Бірақ ата-ана мәңгі емес. Баланың туған бауыры – болашақта ең жақын қолдаушысы. Сол үшін мен көп балалы болуға бекіндім.
– Отбасыңызда қандай құндылықтарға ерекше мән бересіз?
– Біз отбасыда тәрбиенің басты тірегі – сыйластық, еңбекқорлық және адалдық деп білеміз. Бәріміз дастархан басына жиналғанда, телефонды қолымызға алмаймыз. Себебі әр баланың сөзін тыңдау – оған құрмет білдіру. Олар өз жетістіктерімен бөліседі, бұл өздеріне сенім сыйлайды. Әкесі шаруа қожалығының басшысы. Демалыс күндері балалар жылыжайда көмектесіп, адал еңбекпен табыс табудың не екенін үйренеді. Көкөніс пен жеміс таза, дәрісіз өсіріледі. Бұл – таза еңбектің қадірін түсінудің жолы.
Тағы бір қағидамыз – өзгенің еңбегін бағалау. Мысалы, көрші үйдің сыртындағы ағашта шие не өрік пісіп тұрса да, біздің балалар рұқсатсыз алмайды. Себебі ол – біреудің еңбегі. Қанша жерден достары жеп жатса да, олар ондайға бармайды. Бұл – еңбекке деген құрмет.
– Балаларға еркін таңдау жасауға қаншалықты мүмкіндік бересіздер?
– Әр бала – ерекше. Біреуі шығармашылыққа бейім, енді бірі техникалық бағытты ұнатады. Біз ешбірін IT мамандығына грант көп екен деп мәжбүрлемейміз. Егер ол жүрек қалауымен таңдаса, білім де, жұмыс та жүрекпен істелетін болады. Сол кезде бала ата-анасының үмітін де ақтайды.
Біздің отбасымызда 4 қыз, 2 ұл бар. Біздің үлкен қыздарымыз – осы ұстанымның нәтижесі. Өз еңбектерімен, білімдерімен 10-ға жуық ел аралады. Жас бола тұра, түрлі халықаралық ұйымдардан шақыртулар алады. Бұл – олардың өз саласына деген шынайы қызығушылығының, сүйіспеншілігінің арқасы. Жақында қыздарымыз бізге күйеуіміз екеумізге кіші қажылыққа жолдама сыйлады. Бұл – тәрбиенің, алғыс пен құрметтің белгісі. Мұндай қадамға бару үшін тек материалдық мүмкіндік емес, рухани байлық керек. Олар қайда жүрсе де, имандылықты, шүкіршілікті, адалдықты биік ұстайды. Сондықтан біз олардың еркіндігіне сенеміз – себебі оларды ішкі рухани тірегі бар тұлға етіп тәрбиелеуге тырыстық. Біз үшін бастысы – баланың арманына кедергі болмау. Ал ол арман дұрыс бағытта болса, баланың өзі-ақ ата-анасының үмітін ақтап, қоғамға пайдалы азамат болып өседі.
– Қыз бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдарыңыз қандай?
– Қыздарымызға ең бірінші – тұлға ретінде қалыптасуды мақсат етеміз. Тұрмысқа асықпай, білім алып, өмірлік серігін дұрыс таңдай білуі маңызды. Біз ашық сөйлесеміз – зорлық-зомбылық, психологиялық қысым, дұрыс жар таңдау сынды тақырыптарда. Қыздарымыз 18 жасынан бастап шетелге өз еңбектерімен шыға бастады. Бұрын күйеуім қарсы болған, кейін мәнін түсініп, өзі қолдады. Бұл – заман талабы. Бізде «сен қызсың, үйде отыруың керек» деген ұғым жоқ. Қыздармен өзім ашық сөйлесуге тырысамын, ал ұлдармен әкесі жігітше сырласады.
– Отбасыңызда қандай ұлттық дәстүрлерге мән бересіздер?
– Ұлттық тәрбиенің бір көрінісі – үлкенге құрмет. Бізде дастархан басында әкесін күтпей ешкім тамақ ішпейді. Егер ол кешіксе, алғашқы қасықты соның ыдысына саламыз. Бұл – үлкенге деген сыйластық. Мұндай тәрбие Еуропа, АҚШ елдерінде жоқ. Бұл – қазақы дәстүрдің тереңдігінің дәлелі.
– Жастарға қандай ақыл айтасыз?
– Әр қазақтың шаңырағында мейірім мен тәрбие салтанат құрса екен. Балаларымыз парасатты, еңбекқор, шыншыл, елге жанашыр болып өссе – Қазақстанның болашағы жарқын болады. Біз баламызға не ексек, соны орамыз. Сондықтан әр ата-ана ертеңгі күн үшін бүгіннен ойлануы керек.