Отбасы банк «Ұмай» бағдарламасының екінші кезеңіне өтінім қабылдауды бастады

Қазақстандық әйелдер «Ұмай» ипотекалық бағдарламасының екінші кезеңіне бүгін, яғни 3 қарашадан бастап өтінім бере алады. Бұл кезең үшін Азия даму банкі Отбасы банкке 20 млрд теңге көлеміндегі екінші траншты аударғаны белгілі болды.

Отбасы банк

Астана, NEGE. Банк мәліметінше, бағдарлама шарттары өзгерген жоқ. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 14,8%, ал несиенің ең жоғары сомасы – 50 млн теңге. Отбасының орташа айлық таза табысы 1,25 млн теңгеден аспауы тиіс. Қарыз алушы соңғы алты айдағы ресми табысын растауы қажет.

Бастапқы жарна Астана мен Алматыда тұрғын үй құнының кемінде 20%-ына, басқа өңірлерде 15%-ына тең.

Өтінімдерді онлайн түрде Отбасы банк сайты мен Baspana Market платформасы арқылы, банк кеңесшілерінің көмегімен немесе бөлімшелеріне барып тапсыруға болады.

Бағдарлама арқылы қолданысқа берілген бастапқы, салынып жатқан (ҚЖК кепілдігі немесе сақтандыру механизмі бар) және 2016 жылдан кейін салынған қайталама тұрғын үйді сатып алуға болады. Сатып алынған баспана әйелдің атына рәсімделеді.

Өтінім берер алдында қатысушыларға кредиттік тарихын, ресми табысын, зейнетақы жарналарының аударылуын және қарызының бар-жоғын тексеру ұсынылады.

Айта кетейік, Азия даму банкі «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламаларын жүзеге асыру үшін Отбасы банкке жалпы 90 млрд теңге бөледі.