Отбасы банк ипотека рәсімдеу комиссиясын 1 млн теңгеге дейін көтереді
2026 жылғы 31 қазаннан бастап Отбасы банкте алдын ала және аралық несие беруді ұйымдастырғаны үшін комиссияның шекті мөлшері 1 млн теңгеге дейін өседі. Жаңа талаптар, негізінен, ірі сомада несие алатын клиенттерге қатысты болмақ.
Астана, NEGE. Банк мәліметінше, комиссия мөлшерінің өзі өзгермейді және бұрынғысынша қарыз сомасының 1%-ына тең болады. Алайда банк несие көлеміне қарай комиссияның шекті мөлшерін өзгертеді.
31 қазаннан бастап мынадай шекті мөлшерлер қолданысқа енгізіледі:
- Егер қарыз сомасы 50 млн теңгеге дейін болса, онда комиссия қарыз сомасының 1%-ына тең болады, бірақ 300 мың теңгеден аспауы тиіс.
- Егер қарыз сомасы 50 млн теңгеден 100 млн теңгеге дейін болса, онда комиссия қарыз сомасының 1%-ына тең болады, бірақ 500 мың теңгеден аспауы тиіс.
- Егер қарыз сомасы 100 млн теңгеден асатын болса, онда комиссия қарыз сомасының 1%-ына тең болады, бірақ шекті сомасы 1 млн теңгеден аспайды.
Банктің дерегінше, клиенттердің 92%-ы 50 млн теңгеге дейін несие рәсімдейді. Сондықтан олардың басым бөлігі үшін комиссияның ең жоғары мөлшері өзгермейді.