30 августа 2024 г. 11:22

Отандық өнерпаздар Өзбекстандағы ән фестивалінен қос жүлдемен оралды

Фото: "Шарк тароналари" фестивалінің ұйымдастырушы комитеті

26-30 тамыз аралығында Өзбекстанның Самарқан қаласында «Шарк тароналари» («Шығыс әуендері») халықаралық музыка фестивалі өтті. Байқау 5 жылдық үзілістен кейін өнерпаздардың басын қайта қосты, деп хабарлады kazinform.kz.

Алматы, NEGE. Биыл 13-ші рет ұйымдастырылған музыка фестиваліне әлемнің 80-ге жуық мемлекетінен 400 өнерпаз қатысып, Регистан алаңын әуезді ән мен сиқырлы сазға бөледі.

Алғаш рет 1997 жылы өткен «Шарк тароналари» байқауына 31 елдің өкілі қатысқан. Сол жолы Қазақстан атынан фестивальде өнер көрсеткен танымал әнші Рамазан Стамғазиев жүлде еншілеген еді. Кейін оның жолын 2015 жылы Біржан Бәзілжанов жалғады.

Биыл да фестивальге қатысқан қазақстандық өнерпаздар олжасыз қалмады. Оралдық «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблі «Шарк тароналари» байқауында 2-орын иеленді.

«Атамекен» этно-фольклорлық ансамблінің құрылғанына көп болған жоқ. Бұған дейін Еуропаның біраз елін шарлап келдік. Ал бұл – біздің алғашқы байқауымыз. Жақсы өнер көрсетеу үшін барымызды салдық. Қазақстан композиторларының шығармаларын орындадық және әндеріміз де болды», - деп мәлім етті «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі Ернар Өмірәлі.

Жоғары деңгейдегі іс-шара Өзбекстанның мәдени мұра ескерткіштерін танытуға да ықпал етері сөзсіз. Осы арқылы көршіміз туристік әлеуетін жаңа қырынан танытпақ ниетте.