Өскемендіктер сусыз отыр, ал әкім екі аптаға демалысқа кетті
Өскеменде су құбыры жарылып, апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан кезде қала басшысы Алмат Ақышов екі аптаға демалысқа шыққанын мәлімдеді.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде әкім Instagram-дағы жеке парақшасында хабарлады.
«Бүгіннен бастап екі апталық қысқа мерзімді еңбек демалысына шығатынымды хабарлаймын.
Осы кезеңде қаланың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету міндеті орынбасарларыма жүктеледі. Барлық коммуналдық қызметтер мен инфрақұрылымның штатты қызмет етуі, тұрғындардан келіп түсетін барлық өтініштер тұрақты бақылауда болады», – деп жазды Ақышов.
Әкім демалыс уақытын отбасына арнап, балаларына көңіл бөлмек.
18 қаңтарда Целинная көшесінде диаметрі 400 мм болатын су құбыры жарылды.
Әкімдіктің хабарлауынша, Мирный кентінің жеке тұрғын үй секторында, сондай-ақ Беспалов көшесіндегі және Ломоносова көшесіндегі алты бірдей көпқабатты тұрғын үйде суық су беру уақытша тоқтатылды. Сол аумақтағы мектепте де су өшірілді.
Су құбырындағы апатты жоюға 5 арнайы техника мен 10 қызметкер жұмылдырылған. Жөндеу жұмыстарынан кейін 19 қаңтар таңға жуық су құбыры іске қосылғанымен, құбыр желісінің келесі бөлігінде су атқылады.
Қазіргі уақытта мамандар апатты жою жұмыстарын жүргізіп жатыр, алайда су құбырын қалпына келтіруге қатты аяз кедергі келтіруде.