Өскемендегі жылу электр орталығы тарифті өсірмек
Себебі 80 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан орталықты жаңғырту үшін қаржы керек, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алматы, NEGE. Мамандардың айтуынша, жылу мен энергияның өзіндік құны пайда тұрмақ, ескі құрал-жабдықтарды жөндеп, күтіп ұстауға да жетпейді.
Жақында елімізде тозығы жеткен жылу мекемелерінің тізімі жарияланған еді. Ол тізімде Шығыс Қазақстан облысынан 3 бірдей станция тұр. Өткен қыста өскемендіктердің біразы өз пәтерінде тоңып шыққаны рас. Ол кезде жылу электр орталығындағы құрылғы жөндеуде болып, салдарынан жылу температурасы төмендеп кетті деген уәж айтылды. Сөйтіп, 2 сағатқа созылған жұмыстың кері әсерін жұрт бірнеше күн бойы сезінді. Жүйедегі жылу қалыпты деңгейге көтерілгенше халық дірдек қақты. Жылу электр орталығын күрделі жаңғырту керек, - дейді мамандар.
Станцияның қысқа дайындығына 7 млрд теңге керек. Жөндеу 20 позицияда жоспарланған. Алайда қазіргі тарифпен оған қауқарымыз жетпейді, - дейді энергетиктер.