Өскеменде жеті полицей ДЦП-ға шалдыққан ер азаматты әкімдіктен қуып шықты
Әлеуметтік желіде әкімдіктен жеті полицейдің мүгедек азаматты күшпен шығарған видеосы қызу талқыға түсті. Оқиға Өскемен қаласында болған. Тәртіп сақшыларының бұл әрекеті куәгерлердің наразылығын тудырды. Кейін ДЦП-ға шалдыққан ер азаматтың үйінің жанындағы аялдаманы қайтаруды талап етіп келгені белгілі болды.
Алматы, NEGE. Ер адам әкімшілік ғимаратына жиі келеді екен. Ол үйінің маңындағы бұрынғы автобус аялдамасын қайтаруды талап еткен. Аялдаманы алыс жерге ауыстырғандықтан, мүгедектігі бар азаматқа жету қиынға соққан. Алайда бұл жолы тұрғын әкімдікте жанжал шығарған. Қызметкерлердің сөзінше, ол термометр мен есікті сындырған.
Ер адам өз телефонын да бұзып алған. Ал полицейлер "Ұсақ бұзақылық" және "Билік өкілдерін балағаттау" баптары бойынша әкімшілік іс қозғады. Егер сотта оның кінәсі дәлелденсе, 230 мың теңге айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады. Сонымен қатар Өскемен қаласының әкімдігі демеушілердің ер адамға 110 мың теңге бөлгенін мәлімдеді. Бұл қаржы оның таксимен қатынауына арналған.