Өскеменде полицейді жарақаттады деген күдікпен екі адам ұсталды
Оқиға 22 наурыз күні кешкілік Өскемен қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов көшесінде орналасқан үйлердің бірінің ауласында болған.
Астана, NEGE. Патрульдік полиция қызметкеріне бір жасөспірім көмек сұрап жүгінген. Ол бейтаныс екі жігіттің агрессиялық мінез көрсетіп жүргенін айтқан.
Полиция қызметкері оқиға орнына барған кезде мас күйдегі қала тұрғындары оған шабуыл жасаған. Полицей алдымен ескерту ретінде оқ атқан, алайда шабуылдаушылар оның қызметтік қаруын тартып алып, қаруды өзіне кезеніп, сол қолын жаралаған.
Оқиғадан кейін күдіктілер қашып кеткен, бірақ көп ұзамай ұсталды.
«Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қару тәркіленді. Өскемен қалалық полиция басқармасы адамдар тобының қызметтік міндеттерін атқару кезінде билік өкіліне өміріне қауіп төндіретін күш қолдану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ ведомство өкілдері полиция қызметкерінің ауруханада жатқанын, жағдайы тұрақты екенін мәлімдеді.