Өскемен әуежайының үш басшысы сотталды
«Өскемен әуежайы» АҚ президенті мен атқарушы директоры және материалдық-техникалық қамтамасыз ету тобының басшысы қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, алдын ала сөз байласқан топ құрамында бірнеше рет аса ірі көлемде бөтен мүлікті жымқырды деп айыпталды.
Астана, Nege. Бұған қоса, әуежай президентіне Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша айып тағылды, яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға ретінде өз қызметтік өкілеттіктерін қызмет мүддесіне қарсы пайдаланып, жеке басының пайдасы мен артықшылықтарын алу мақсатында әрекет еткен. Бұл ауыр салдарға әкеп соқтырған.
Іс Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды.
Сот мәліметіне сәйкес, айыпталушылар 2018 жылдан 2023 жылға дейін еңбек шарттары бойынша келісімшарттар жасап, сыртқы ұйымдарға төлем шығыстарын көбейтіп, келісімшарттағы сома мен нақты төленген сома арасындағы айырманы өз пайдасына аударып отырған.
Сотталушылар өз кінәсін толығымен мойындаған жоқ.
Сот үкімімен:
- Әуежай президенті 8 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айырылды;
- Атқарушы директор 7 жылға бас бостандығынан айырылып, қосымша жаза ретінде 10 жыл мерзімге белгілі қызмет түрін атқару құқығынан айырылды. Баласы кәмелеттік жасқа толмағандықтан, жазаның орындалуы баласы 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды;
- Әуежайдың материалдық-техникалық қамтамасыз ету тобының басшысына 2 жылға бас бостандығына шектеу жазасы тағайындалды. Рақымшылыққа байланысты оның жазасы қысқарып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды және қосымша жаза ретінде 3 жыл мерзімге белгілі қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Сонымен қатар сот «Өскемен әуежайы» АҚ-ның азаматтық талап арызын қанағаттандырды: президенттен 120 512 179 теңге, президент пен атқарушы директордан бірлесіп 18 718 914 теңге, президент пен материалдық-техникалық қамтамасыз ету тобының басшысынан бірлесіп 2 127 501 теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.