19 октября 2022 г. 12:41
ОСК Қарақат Әбденді президенттікке кандидат ретінде тіркеді
Қарақат Әбден «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынылды.
Алматы, NEGE. Кандидатты қолдау үшін 121 314 азаматтың қолы жиналып, 120 158-і тексерілген. Оның ішінде 118 418 қол жарамды деп танылды.
Қарақат Әбденді президенттікке кандидат ретінде тіркеу үшін қажетті құжаттардың барлығы комиссияға тапсырылғаны және талаптарға толық сәйкес келгені хабарланды.
"Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидатты тіркеуге қажетті барлық рәсімдер сақталды. Орталық сайлау комиссиясы Қарақат Әбденді Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат ретінде тіркеді", - деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.