ОСИ төрағалары бұрынғы басшыға тәуелді болып қалуы мүмкін – Смышляева
Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева өз депутаттық сауалында көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесіндегі бірқатар мәселені көтерді.
Астана, NEGE. Депутаттың сөзінше, ОСИ төрағалары үйдің тиісті жағдайда күтіп-ұсталуына, өрт қауіпсіздігі мен инженерлік жүйелерге жауап береді. Бірақ көптеген шешім тұрғындардың өздеріне байланысты болғанымен, бақылаушы органдардың талаптары көбіне үй төрағасына қойылады.
«Төраға белгілі бір міндеттерге жауап бергенімен, сол міндеттерді орындауға қажетті барлық шешім оның құзыретінде бола бермейді. Бұл ОСИ басшыларына түсетін жауапкершілік пен олардың нақты өкілеттіктері арасында алшақтық туғызады», – деді ол.
Смышляева ОСИ төрағасы ауысқан кезде мемлекеттік және банктік жүйелердегі деректерді өзгерту мәселесі де туындайтынын айтты. Оның сөзінше, жаңа төраға кей жағдайда бұрынғы басшының әрекетіне тәуелді болып қалады.
«ОСИ төрағасы қайта сайланғаннан кейін мемлекеттік, банктік және басқа да жүйелердегі деректерді өзгерту кезінде қиындықтар туындайды. Жаңа төраға іс жүзінде бұрынғы басшының әрекетіне тәуелді болып қалуы мүмкін. Бұл басқару органының жұмысын толыққанды бастауына кедергі келтіреді. Сондықтан төраға ауысқан кезде цифрлық жүйелердегі мәліметтерді өзгертудің автоматтандырылған тәртібі қажет», – деді Құрылтай депутаты.
Сонымен қатар, депутат күрделі жөндеу мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, үйлердің қасбеттері мен инженерлік коммуникацияларын жаңарту қомақты қаражатты талап етеді, алайда ұзақ мерзімді қаржыландыру тетіктері барлық өңірде бірдей қолжетімді емес.
«Үйдің күрделі жөндеу жұмыстарын, оның ішінде қасбеттер мен инженерлік коммуникацияларды жөндеуді жүргізу қомақты қаражатты талап етеді. Сонымен бірге ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімді тетіктері жекелеген өңірлерде ғана жұмыс істейді. Бұған қоса, тұрғын үй қорының техникалық жай-күйі туралы жөндеу жұмыстарының басым бағыттарын айқындау және апатты жағдайлардың алдын алу үшін қажетті жүйелі ақпарат жоқ», – деді Екатерина Смышляева.
Депутат тұрғын үй қатынастары бөлімдеріндегі қызметкерлер саны да олардың нақты жұмыс жүктемесіне сәйкес келмейтінін айтты. Сонымен қатар заманауи тұрғын үй кешендеріндегі жеке қазандықтар, күрделі инженерлік жүйелер, контейнерлік алаңдар сияқты инфрақұрылым нысандарын пайдалану талаптарын қайта қарау қажет деп санайды.
Айта кетейік, Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты қылмыстық іс бойынша ОСИ төрайымы Сәуле Жұбаниязова сот алдында жауап беріп жатыр. Ол сыртқы қаптамасы опырылып түскен үйді басқарған. Жұбаниязова өз кінәсін мойындаған жоқ.
Сот-құрылыс-техникалық сараптамасына рецензия жасаған сарапшы Вероника Лобаеваның айтуынша, фасады опырылған тоғыз қабатты үйді салу үшін бес қабатты ғимаратқа арналған конструктивтік шешім қолданылған.