28 марта 2023 г. 19:59

ӨСЕТІНДЕР мен ӨШЕТІНДЕР: Әкімдерден кім қалады, кім кетеді?

Фото:

Билік өйтіп-бүйтіп сайлауды өткізіп алды. Жаңа Мәжілістің құрамы да дайын. Ендігі кезек – Үкімет пен әкімдерде. Кім кетеді, кім қалады? Кім өшеді, кім өседі?

NEGE-ге түсініктеме берген сарапшылардың көпшілігі қазіргі үкіметтің көп өзгермейтінін, көп іс тындырмаса да Әлихан СМАЙЫЛОВТЫҢ орнын сақтап қалатынын айтады. Ал әкімдер ше?

Болжамшылар «Астананың әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК өз орнында қалады» дейді. Біріншіден, ол өткен жылдың соңында ғана (2022 жылдың 8 желтоқсаны) Астананың әкімі болып тағайындалды. Екіншіден, Президент әкімшілігі Ж.Қасымбекті іскер санайды. Үшінші себепті әкесі Махмұд Қасымбектің ықпалынан көретіндер бар. Қалай болғанда да, Қасымбекке бас қалада жұмыс істеуіне мүмкіндік берілсе керек.

Ж.Қасымбек.

Ж.Қасымбекті премьердің орнынан көргісі келетіндер де жоқ емес. Бірақ біздің сарапшылар оның әлі шикі екенін айтады.

«Алматының әкімі Ерболат ДОСАЕВ премьер болады екен» деген гу-гу қазір желдей есіп жүр. Тіпті Досаевты басына қойған әлдебір «тамырбасу» тізімі шығып, оны кейбір шалағай әріптестеріміз жариялап та жіберді. Жалпы, Ерболат Досаев өзін Алматыда тиімді менеджер ретінде танытты. Ол үкімет басқаруға лайық. Бірақ Алматыға керек адам.

Е.Досаев.

Үшінші мегаполис Шымкенттің әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВТІ «әкімдіктен кетеді екен» деген әңгіме шыққалы біраз болды. Ол 2020 жылы қаңтарда Шымкентке әкім болып тағайындалған. Өткен жылдың соңында президенттің жарлығымен қайта тағайындалды.

М.Әйтенов.

Ал биылғы ақпанның соңында Әйтеновті президент қабылдап, әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі есебін тыңдады, Шымкенттің бас жоспарын жаңадан жасау жөнінде тапсырма берді. Ендеше, Әйтеновке тапсырманы орындауға мүмкіндік беріледі.

Өткен жылдың соңында президент Қ.Тоқаев біраз әкімдерді қайта тағайындаған. Олардың арасында Алматы облысының әкімі –экономист-қаржыгер, заңгер, іскерлік әкімшілендіру магистрі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ те бар.

М.Сұлтанғазиев салық саласында біраз лауазымды қызметтер атқарды. Президент әкімшілігінде де жұмыс істеді.

М.Сұлтанғазиев.

Сұлтанғазиевті «салықтың жілігін шағып, майын ішті» дегенімен, әкімдік жұмыстың ол ойлағандай болмай шыққанын айналасындағылар айтып жүр. Әрине, кабинетте отырып жұмыс істеу мен түкпірдегі Нарынқолға барып мәселе шешу – екі басқа нәрсе. Сондықтан болар, «Сұлтанғазиев кетеді екен» дегенді Қонаевта ғана емес, Бақанаста жүріп те естуге болады.

Биыл Түркістанда Наурыз мерекесі ерекше өтті. Қым-қуыт адам. Қонақ үйлерде орын жоқ. Тіпті Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне кіруге кезегі жетпей қайтқандар бар екен. Бұдан не түйеміз? Түркістан ерекше түлеген, жаңарған, жасарған. Туризм де дамып жатыр.

Д.Сатыбалды.

Әрине, мұның бәрі ең алдымен облыс бюджетіне құйылып жатқан миллиардтардың арқасы. Мәселен өткен жылы республикалық бюджеттен 929,2 млрд теңге бөлінген. Бұл миллиардтарды облыс әкімі Дархан САТЫБАЛДЫ қалай жаратып жүр? Оның қазіргі қызметінде қалу-қалмауы да осыған тікелей байланысты болмақ.

Өткен жылы бюджеттен ең көп трансферт алған өңірлердің арасында екінші орында (438,3 млрд) Жамбыл облысы тұр. Жамбыл облысында бұрынғы әкімдерден «мұраға» қалған мәселе көп. Облыс әкімі Нұржан НҰРЖІГІТОВТІҢ тағайындалғанына алдағы айдың басында бір жыл толады. Ол неге әкім болып тағайындалғалы бері сыннан көз ашпады? Мұның себебін көпшілік ұйымдастырушылық қабілетінің кемшіндігінен көреді.

Н.Нұржігітов.

Бұдан бөлек, жергілікті белсенділердің айтуынша, өңірде жершілдік, рушылдық, ағайынгершілік асқынып тұр. Мәселен, жуырда облыстық архивке басшы болып тағайындалған адам Нұржігітовтің құдасының құдасы деседі.

Сөздің түйіні, NEGE-нің сарапшылары Н.Нұржігітовті аутсайдерлердің тізіміне қосып отыр.

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек НӘЛІБАЕВТЫҢ өткен жылы дүркіретіп той жасаймын деп басы дауға қалғаны бар. Президент Тоқаев мұндайды аса жақтырмайтыны белгілі. Даудан кейін оны салқын қабылдағаны да содан болса керек.

Н.Нәлібаев.

Орталықтан алыстау жүргенді дұрыс көретін «жарты патша» Нәлібаевқа қатысты президенттің нақты қандай шешім қабылдайтыны әзірге белгісіз. Көп ұзамай Нәлібаевтың бизнеске кетуі де бек мүмкін...

Оңтүстіктен шығысқа қарай ойыссақ, бюджеттен миллиардтар (361,6 млрд) алып отырған тағы бір өңір бар. Ол – Шығыс Қазақстан облысы. Бұл облысты Даниал АХМЕТОВ деген «динозавр» әкім басқарып отыр.

Д.Ахметовтің өмірбаянына қарасаң, көз сүрінеді. Ол 1992 жылдан бері қызметте. 2009 жылы қорғаныс министрлігінен кеткен соң «аттан ауып қалғандай» көрінген. Осы тұста ғой, «Ахметов атылып өлмек болыпты» деген әңгіменің гу ете қалғаны. Алайда көп ұзамай Еуразиялық экономикалық комиссиядан бір-ақ шықты.

Д.Ахметов.

Даниал Кенжетайұлы 2014 жылдан бері ШҚО-ның әкімі. 2019 жылы президент ауысқанда ол осы қызметке қайта тағайындалды. 2022 жылы 11 маусымда президент Қ.Тоқаев оның өкілеттігін созып берді де, сол жылы желтоқсанда қайтадан әкім етіп тағы қойды.

Ахметов келесі жылы 70-ке толады. «Кәрі жатса – қунайды,
жас жүрсе – қунайды» деген сөз бар қазақта. Мемлекет басшысына «жатып қунайтын» әкім керек пе, әлде «жүріп қунайтын» әкім керек пе? Біздің ойымызша, Тоқаевқа да, елге де екіншісі керек.

Қ.Тоқаев.

«Басқан ізі білінбейтін» біраз әкімді бір топқа қоса салдық. Олар – Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ, Абай облысының әкімі Нұрлан ҰРАНХАЕВ, Павлодар облысының әкімі Асайын БАЙХАНОВ, Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет БӨЛЕКБАЕВ, Ақмола облысының әкімі Ермек МАРЖЫҚБАЕВ, СҚО әкімі Айдарбек САПАРОВ, Қостанай облычсының әкімі Құмар АҚСАҚАЛОВ, БҚО әкімі Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ және Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ.

Бұл әкімдердің көпшілігі жаңадан тағайындалды. Ал ескілері «боразданы бұзбайды». Сондықтан бұлар өз орындарын сақтап қалуы мүмкін.

Жуырда ғана еншісін алып бөлек шыққан Ұлытау облысының әкімі Берік ӘБДІҒАЛИДІ идеология саласынан көргісі келетіндердің қарасы көп. Шынымен де «Ақ Берікке» әкімнің шапанынан гөрі министрдің кәстөм-шалбары көбірек жарасатындай. Ендеше, Б.Әбдіғаниді жаңа үкіметтің құрамынан көріп қалуымыз ғажап емес.

Б.Әбдіғали.

Бірінші кезекте Үкіметті жасақтау мәселесі тұрғанын жоғарыда айттық. Біздің пайымдауымызша, өсетін екі әкім болса, олардың бірі – Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВ, екіншісі – Ақтөбе облысының әкімі Ералы ТОҒЖАНОВ.

Ноғаевты «премьер болады» дейтіндер бірдеңені біліп айтса керек. Өйткені ол шаруашылық пен экономиканы тәуір түсінеді, елмен тіл табыса алады және бірнеше өңірді басқарды. Премьер болмаған күнде де, мұнай-газ саласын дөңгелетіп әкете алады.

Н.Ноғаев.

Мәжіліс сайлауынан кейін ел ішіндегі жағымсыз қысымның арта түскенін байқап отырмыз. «Жаңа билік ескі тәсілмен сайлау өткізді» деп санайтындар аз емес. Мұндай кезде өңірлердегі жағдайды «тамыршыдай тап басатын» адам орталық билікке керек-ақ. Ол адам Қаңтар оқиғасы кезінде біршама тәжірибе жинаған Ералы Тоғжанов болуы әбден мүмкін...

Е.Тоғжанов.

Ертең президент Қ.Тоқаев ҚР Парламенті VIII шақырылымының бірінші сессиясын ашады. Осы жиында алдағы саяси болжамдарға азық болатын біраз нәрсе айтылса керек.

Тегтер: