«ӨРТТІҢ бағыты ШҮЛБІ маңына қарай ойысқан» – АБАЙ облысынан арнайы тілшіміз хабарлайды
NEGE-нің Абай облысындағы арнайы тілшісі Сәруар Қабдолла Бородулиха елді мекеніне жақын маңдағы арнайы жасақталған штабтан хабарлайды.
«Бұған дейін өрт сөндіруге 1500 әскери жұмылдырылған. Оған қосымша тағы 300 адам тартылыпты. Қарағанды облысынан да қырық шақты әскери көмекке келген екен. Олар да шатырларын құрып дайындалып, өрт сөндіруге кіріспекші.
Аймақтық коммуникациялар қызметі арнайы брифинг ұйымдастыратынын айтты. Брифингтің уақытын кешкі 18:00-ге белгілепті. ТЖМ, Экология министрлігі, басқа да құзырлы органдар қатысады. Өрттің беті қайтты ма, жоқ па, атқарылған жұмыстар қандай, басқа да сұрақтарға осы жиында жауап алуға тырысамыз. Бұл жерде байланыс нашар, сондықтан арнайы құрылғы орнатылып жатыр.
Аспаздарда да тыным жоқ. Тәулігіне 24 сағат бойы тілсіз жаумен күресіп, лек-легімен келіп жатқан жауынгерлерді тамақтандырып, белі талып жүр.
Өрт сөндірушілер мен әскерилер лек-легімен келіп тамақтанып, қайтадан өртпен арпалысуға кетіп жатыр. Бос тұрған қазан жоқ, бәрінде ас қайнап жатыр. Азық-түлік пен суды да осы жерден өздерімен бірге алып кетеді.
Сондай-ақ өрт сөндіргіш бірнеше көлікті көрдік. Арнайы көліктер де осы маңнан су толтырып алып, өртке қарай бет алып кетіп жатыр», – деді тілшіміз.
Апат болған аймақта еріктілер де жүр екен. Солардың бірі тілшімізге түсініктеме берді.
Ерікті Айнұр Тоқтабаева былай дейді: «Бүгін бесінші күн жұмыс істеп жатырмыз. Таңнан келіп өрт сөндірушілерге тамақ істейміз. Келе алмағандарына тамақты арнайы көнтейнерлерге салып, жөнелтіп жатырмыз. Әркім өз жұмысын жақсы біледі. Азық-түлік жеткілікті, көмек бүкіл Қазақстаннан келіп жатыр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», осындай қиын кезеңде көмек көрсету – әр адамның борышы».
Тілшіміздің айтуынша, өрттің бағыты Шүлбі маңайына қарай ойысқанын өрт сөндірушілер рация арқылы хабарлаған. Өйткені желдің бағыты солай қарай соғып тұр. Түске дейінгі мезгіл желсіз тымық болған. Осы кезде өрт біршама бәсеңсігенімен, түс әулетінде қайтадан жел басталып, өрт күшейген.