3 сентября 2022 г. 18:56

Өртенген қару-жарақ дүкенінен ер адамның денесі шығарылды

Фото:

Қостанайда қару-жарақ дүкені өртеніп, ғимараттың жертөлесінен ер адамның денесі шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат .

Алматы, NEGE. «Жертөледен ер адамның денесі шығарылды, оның жеке басы әзірге анықталған жоқ. Сонымен қатар, қалалық ауруханаға 1981 жылы туған ер адам жеткізілді», - деп мәлімдеді облыстық ТЖД-дан.

Бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткендей, қару-жарақ дүкеніндегі өрттен 7 адам зардап шеккен.

«Жеті адам зардап шекті, олардың алтауы түрлі деңгейдегі күйікпен стационарға жеткізілді, біреуі ауруханаға жатудан бас тартты», - деп хабарлады басқармадан.

Оқиға орнына 6 жедел жәрдем бригадасы жөнелтілген. Өрт болған маңайдағы тұрғындарға да медициналық көмек көрсетілді. Тұрғындар негізінен қан қысымының көтерілуі мен бас ауруына шағымданған.

Айта кетсек, бүгін сағат 11:20-да Қостанай қаласындағы Назарбаев даңғылында орналасқан «Оружейная палата» дүкенінің ғимараты өртенді. Жалын оның жанындағы көлік жөндеу стансасының шатыры мен асхана ғимаратын да шарпыды.

ТЖМ баспасөз қызметі қару-жарақтың жарылуына байланысты құтқарушылардың дүкен ішіне өте алмай жатқандығын жеткізген еді. Ал, дүкен иесі ғимарат жертөлесінде 2 адам барын айтқан болатын.

Белгілі болғанындай, дүкендегі өрт сағат 14:29-да сөндірілді, себебі анықталып жатыр.

Тегтер: