8 октября 2024 г. 14:03

Орталық Азиядағы жоғары білім: нарыққа шолу, тенденциялар мен кедергілер

Фото: NEGE

16 қазанда Ташкентте «Жаңа Өзбекстан» университетінің қолдауымен Times Higher Education (THE) ұйымдастырған Орталық Азия университеттерінің тұңғыш форумы өтеді.

 Аймақтың жетекші оқу орындары өкілдері мен баяндамашыларынан құралған екі жүзден астам делегат білім беру саласының өсу үрдістері мен негізгі түйткілдерін, мемлекеттік саясат пен саланы басқарудың өзекті мәселесін талқылайды.

Осындай ауқымды да айтулы форумның өтетін орны ретінде Ташкент қаласының таңдалуы кездейсоқ емес. Осыдан он жыл бұрын Өзбекстанда шамамен 60-қа жуық жоғары оқу орны болса, қазір екі жүзден асты. Алдағы уақытта бұдан да көбеюі мүмкін. Ел билігі Өзбекстанды 2030 жылға қарай аймақтық білім беру хабына айналдыруды мақсат етіп отыр. Соған орай алдағы жылдары тағы да әртүрлі бағыттағы елу шақты университет ашуды жоспарлап қойған.

Қазірдің өзінде Өзбекстанда американдық, еуропалық және корейлік халықаралық оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп жатыр. Жергілікті билік әртүрлі білім гранттары арқылы талантты жастарды ынталандырып келеді.

Мысалы, мектеп оқушылары мен студенттер арасында танымал «One Million Uzbek Coders» бастамасы аясында соңғы үш жылда екі миллионнан астам студент IT саласы бойынша білім алды. Демек, мемлекет әркез білім алуға ұмтылып тұрған жастарды қолдауға дайын. Егер студенттер IELTS сынағынан 7.0 немесе одан жоғары балл жинаса, оларға емтихан тапсырғаны үшін төлеген соманы ел бюджетінен өтемақы ретінде қайтарады.

Дәл осындай үрдіс Cisco және Oracle IT сертификаттарына да қолданылады. Сондай-ақ, IT мамандықтары бойынша білім алғысы келетін оқушы және студент қыздарға көмектесу үшін арнайы бағдарламалар іске қосылды.

Өзбекстан жастары стартап индустриясына белсенді түрде қызығушылық танытуда. Осындай мақсатты жастар үшін жүлде қоры бір миллион долларды құрайтын «President Tech Award» байқауы жарияланды. Оған Astana Hub пен Google for Startups бірлескен бағдарламасына Өзбекстан мен Қазақстанның білім беру бастамаларының аймақтық интеграциясының болашағын көрсететін бірнеше өзбек жобасы қатысқаны белгілі.

NEGE

Ташкентте форумда Қазақстан өкілі, Назарбаев Университетінің провосты Илесанми Адесиданың сөз сөйлейтіні кездейсоқ емес. Ол Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің соңғы жетістіктері мен алдында тұрған міндеттеріне кеңірек тоқталады. Форум қатысушылары Орталық Азия университеттерінің қалыптасқан озық институттарға айналу жолы мен алдыңғы қатарлы теңдесі жоқ бірегей балама орталықтарды құру жолын зерттейді.

2010 жылы Қазақстан Болон процесінің қатысушысы ретінде еуропалық жоғары білім кеңістігіндегі (ЕЖБК) елдер тізімінде 48 елдің ішінде 47-орынға ие болды. Бүгінгі таңда елімізде жоғары оқу орындарының саны – 117, оның ішінде ұлттық университеттер – 11, мемлекеттік – 27 (коммерциялық емес акционерлік қоғамдар), халықаралық университеттер – 2, корпоративтік университеттер – 15, жекеменшік – 47, автономды – 1 ( Nazarbayev University), азаматтық емес – 14.

     2018 жылы «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту мақсатында түзетулер енгізілген. Нәтижесінде университеттер оқыту барысында қолданған тәжірибе көрсеткішін ескере отырып, заманауи еңбек нарығына бағытталған өздерінің интеграцияланған және икемді білім беру бағдарламаларын жасай алады. Осылайша, бакалавр дәрежесін тездетіп аяқтауға мүмкіндік бар. Бұл ел ішінде жоғары білім алудың уақыт жағынан және қаржылық шығынын азайтады.

    Қазақстан Республикасында жоғары білім беруді дамытудың маңызды аспектісі – академиялық адалдық мәдениетін қалыптастыру. Осы мақсатта Академиялық адалдық лигасы 2018 жылы АҚШ-тағы Айви Лигасы, Ұлыбританиядағы Рассел Групп және Қытайдағы C9 үлгісі бойынша өз бетінше тәуелсіз ұйым ретінде құрылды.

Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім беру мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде де, студенттердің жеке қаражаты есебінен де жүзеге асырылады. 2021-2022 оқу жылында еліміздегі білім берудің барлық деңгейіндегі жоғары оқу орындарында 624 263 жас білім алса, оның 30 пайызы мемлекеттік білім гранты есебінен қаржыландырылған.

Мемлекеттік білім гранттарының ең көп бөлігі техникалық мамандар мен педагог кадрларды даярлауға бөлінген. Білім грантының жалпы санының жартысына жуығына халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері ие болады.

Орталық Азия және Қазақстан елдерінің жоғары білім беру жүйесіндегі табысты үрдістерге қарамастан, аймақтағы университеттер жоғары білім беруді басқарудың орталықтандырылған жүйесі тарапынан қойылған шектеулерге тап болып отыр.

Тағы бір күрделі мәселе – жоғары білім беру жүйесіндегі кадр тапшылығы. Қазір жоғары оқу орындарына білікті оқытушыларды табу қиын. Өйткені, олар үшін сабақ бергеннен гөрі өндірісте жұмыс істеген тиімдірек. Демек, білім беруді қаржыландыру деңгейі төмен күйінде қалып отыр деген сөз. Жоғары оқу орындарында білім алуға қолжетімділік артқанымен, қызмет көрсету сапасы төмендеп барады.

Осы күн тәртібінде тұрған түйткілдер жайында Орталық Азия елдері мен Қазақстандағы жоғары оқу орындарының басшылары мен жетекшілері Ташкентте өтетін жаһандық білім беру форумында талқыламақшы. Ал Орталық Азия форумының көрші Өзбекстанда әрі президентінің қатысуымен жоғары деңгейде және кең көлемде өтуі қазақ біліміне берілген ескерту белгісі іспеттес.