23 октября 2025 г. 17:42

Орталық Азия мен Корея сарапшылары Астанада ынтымақтастықты талқылады

Фото: Фото: ғаламтордан

Орталық Азия және Корея сараптамалық орталықтарының ынтымақтастығы Astana Think Tank Forum 2025 алаңында талқыланды. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов пен «Корея Республикасы – Орталық Азия» ынтымақтастық форумының хатшылығының атқарушы директоры, Корея қорының вице-президенті Ри Джон Кук кездесіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Жиын барысында тараптар сараптамалық орталықтар арасындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Жандос Шаймарданов өз сөзінде ҚСЗИ-дің халықаралық серіктестік аясын кеңейтіп келе жатқанын және бұл бағыттың елдің сыртқы саяси ұстанымдарын ғылыми тұрғыда негіздеуде маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстан мен Корея арасындағы қатынастар өзара сенім мен достыққа сүйенеді, ал соңғы жылдардағы жоғары деңгейдегі сапарлар бұл байланысты одан әрі нығайтқан.

«Қазақстан мен Корея Республикасының достық пен сенім рухындағы ұзақ мерзімді әрі тиімді ынтымақтастыққа деген ортақ көзқарасы бар. Өткен жылдың маусым айында Корея Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары екі ел арасындағы серіктестіктің жоғары деңгейін көрсетті. Корея Қазақстанның экономикалық дипломатиясының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді, ал екіжақты сауда-экономикалық байланыстар қарқынды дамуда», – деді Жандос Шаймарданов.

Кездесу аясында тараптар бірлескен зерттеу жобаларын іске асыру, сарапшылар алмасу бағдарламаларын дамыту және аймақтық экономикалық үрдістерді бірлесе зерделеу мәселелерін қарастырды. Әсіресе, Орталық және Шығыс Азия арасындағы көлік-логистика жүйесін дамыту, цифрлық экономика мен жасыл технологиялар саласындағы серіктестікке ерекше назар аударылды. Талқылау барысында «K-Silk Road» бастамасы мен «С5+Корея» форматындағы ынтымақтастықтың әлеуеті сөз болды. Сарапшылардың пікірінше, бұл жобалар тек сауда мен инвестиция саласында ғана емес, мәдени және гуманитарлық байланыстарды тереңдетуде де маңызды рөл атқара алады. Ри Джон Кук Қазақстанның аймақтық тұрақтылық пен экономикалық серіктестікке қосқан үлесін жоғары бағалап, Орталық Азиядағы сараптамалық өзара іс-қимылды дамытуға Кореяның мүдделі екенін атап өтті. Ол сондай-ақ алдағы уақытта «Корея – Орталық Азия»  (Korea – Central Asia Think Tank Forum) тұрақты сараптамалық алаңын өткізу бастамасын қолдайтынын жеткізді.

Сонымен қатар кездесуде өңірлік тұрақтылық, жаһандық сын-қатерлерге жауап беру және Орталық Азиядағы даму бастамалары жөнінде пікір алмасты. Форум шеңберіндегі бұл диалог стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге жол ашатын маңызды қадам болды. Еуразия геосаясатындағы күрделі өзгерістер ортасында Қазақстан сараптамалық орталық ретінде өз позициясын күшейтіп келеді. Орталық Азия мен Корея арасындағы сарапшылар диалогына серпін берілген бұл кездесу - талдау мен тәжірибе алмасудың маңыздылығын қайта дәлелдеді. Кездесу соңында тараптар ғылыми және сараптамалық ынтымақтастықты кеңейту өңірлік тұрақтылық пен орнықты дамудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Сондай-ақ, екі елдің сарапшылар қауымдастығы арасындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге дайын екендерін білдірді.