4 ноября 2025 г. 11:04

Орталық Азия елдері адам құқықтарын жақсартуға да назар аударуға тиіс - HRW

Фото: ашық дереккөз

Хьюман Райтс Вотч ұйымы Орталық Азия – АҚШ саммитіне қатысатын мемлекеттер экономикалық және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты талқылаумен қатар, адам құқықтары саласындағы жағдайды жақсартуға да назар аударуы тиіс, деп мәлімдеді.

Астана, НЭГЕ. Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларымен АҚШ президентінің кездесуі 2025 жылғы 6 қарашада өтеді деп жоспарланған.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, АҚШ президенти Дональд Трамп жүргізетін бұл саммитте Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан президенттері Вашингтонда жиналады. 2015 жылы басталған C5+1 форумы экономикалық және энергетикалық ынтымақтастықты, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті нығайтуды көздейді.

«Орталық Азия – АҚШ саммиті, әсіресе Орталық Азияда репрессия күшейіп тұрған кезде, адам құқықтарының күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болуын қамтамасыз етуге тиіс», – деді Хьюман Райтс Вотч ұйымының Еуропа және Орталық Азия жөніндегі директоры Хью Уильямсон.

АҚШ мемлекеттік департаментінің 2025 жылғы адам құқықтары жөніндегі есебінде Орталық Азияда ауыр құқықбұзушылықтар болғаны атап өтілді. Олардың қатарында азаптау, қатыгездік туралы хабарламалар бар.