Өрт сөндірушіге де психолог керек
Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Психологиялық тобының бас маман-психологы, азаматтық қорғау подполковнигі Назира Әбдірәсілқызы Акилова Жамбыл облыстық азаматтық қорғау органында 2008 жылдың қазан айынан бері қызмет атқаруда.
Ол 1983 жылы 19 қыркүйекте Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Байзақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Әбдірәсіл шаруа қожалығының төрағасы болып ұзақ жылдар қызмет етсе, анасы Несіпкүл мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен ұстаздық еткен. Назираның әке-шешесі отбасында 2 ұл, 2 қыз өсірді. Назира – отбасының тұңғышы.
Міне, осылайша әкенің қанымен, ананың сүтімен бойына дарыған тәлім-тәрбиені ұштап өскен Назира 2004 жылы «М.Х.Дулати» атындағы Тараз мемлекеттік университетін және 2007 жылы «Орталық-Азия» университетін «психология», «құқықтану» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Жоғары оқу орнын аяқтаған соң Назира Әбдәрәсілқызы Тараз қаласындағы «Б.Момышұлы» атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясында 4 жыл психолог болып қызмет атқарған. Ал 2008 жылдан бастап, ол Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Әкімшілік жұмыстары басқармасының психологиялық бөлімінде бас маман-психолог болып, саладағы қызметін бастаған.
Атап өтетін жайт, 2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыс кезінде аталған жарылысты жою барысында ерлікпен қаза болған жауынгерлердің үйлеріне басшылықпен бірге арнайы барған Назира қаза болған қызметкерлердің отбасына қазаны алғашқылардың бірі болып естіртіпті. Яғни отбасы тарапынан болуы ықтимал алғашқы психологиялық соққыны бастан кешіріп, отбасы мүшелерінің жанайқайын тыңдап, олардың әрқайсысына психологиялық тұрғыдан басу айту секілді жұмыстарды атқарған.
Ал кейіннен жарақаттан соң өткір стресстік жағдайлардың алдын алу мақсатында жарылыста болған қызметкерлермен оңалту жұмыстарын жүргізген.
Мұнан өзге күні кешегі «Қаңтар оқиғасы» кезінде де Назира Акилованың бастамасымен жеке құрам арасында тәртіпсіздіктер кезіндегі өрт оқиғаларын жоюға қатысқан қызметкерлермен жарақаттан кейінгі стресстік жағдайларды (ПТСР), жағымсыз уайымдарға және кез-келген деструктивті мінез-құлыққа жол бермеу мақсатында рационалды психотерапия және қобалжумен қысымды түсіруге арналған психиканың өзін-өзі реттеу әдістері қолданылған.
Ол сондай-ақ мұндай іс-шаралармен ғана тоқталмай, мұнан өзге түрлі сипаттағы күрделі өрттер мен төтенше жағдайлар кезінде де оқиға орнына табылып, әрдайым өзінің кәсіби жұмыстарын кедергісіз атқарады.
2021 жылы Жаңтас қаласында үй ішінде кілттеніп қалған 5 бала өрт оқиғасынан қаза тапқанда оқиға орнына шығып, ата-аналармен, жеке құраммен психологиялық тұрғыдан тиісті шараларды атқаруы осының айғағы іспетті.
Сондай-ақ, мекеменің бас маман-психологы 2021 жылғы есептік кезеңде жалпы қызметкерлермен, отбасы мүшелерімен, жас қызметкерлермен және басшылармен 161 консультация, 46 сабақ, 21 рет тренинг өткізген. Сонымен қатар, 680 қызметкерді қамти отырып, «Ұжымдағы психологиялық ахуалды анықтауға арналған сауалнама» жүргізілген. Мұнан өзге мекеменің бас маман-психологымен суицидтің алдын алу, діни экстремизм мен терроизмнің алдын алу мақсатында және жемқорлыққа жол бермеу, психоағарту, психодиагностика жұмыстарын жүргізіп отыру күнделікті күн тәртібінен түскен емес.
Бүгінде Назира жұбайы Азамат екеуі 3 ұл-қызды тәрбиелеп келе жатқан өнегелі отбасы. Біз де өз тарапымыздан күнделік қызмет барысында тілсіз жаудан тайсалмай, бетбе-бет айқасып жүрген жауынгерлердің әрдайым жанынан табылып, оларға психологиялық тұрғыдан қолдау көрсететін Назира секілді өз саласының майталман мамандарына алғыстан өзге айтарымыз жоқ.