Өрт сөндіруші шебер
Қазақ «жылқы ішінде жүйрік көп, Қазанаты бір бөлек, Ел ішінде жігіт көп, азаматы бір бөлек» деп бекер айтпаса керек-ті. Ел ішінде түрлі азамат бар. Бірінің он саусағынан өнер тамса, енді бірінің спортқа ебі бар. Сол секілді жеті өнерді қатар меңгергендер де жоқ емес. Катонқарағай ауданының 27-ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушысы Елдар Мұхтарұлының ерекше хоббиі бар. Ол – ағаш шебері ретінде де әріптестеріне жақсы таныс.
Алматы, NEGE. «Ағаш күйдіруге» деген сүйіспеншілікті мектеп қабырғасында оқып жүргенімде еңбек пәні мұғалімі баулыды. Сол кездің өзінде ағаштан түрлі бұйымдарды жасауға құмар болдық. Ұстаздарымның берген білімі мен тәлімі әлі күнге азық. Осыдан болса керек бұл хоббиді өз бетіммен жалғастыра бастадым», – дейді Елдар.
Ағашты шеберлікпен өңдеу кез келгеннің қолынан келе бермес. Бұл ұзақ жылдық тәжірибе мен уақытты және еңбек етуге деген ұқыптылықты қажет етеді. Былайша айтқанда, ағаш күйдіру – шыдамдылық пен төзімділікті қажет ететін қолөнер. Осындай жолдарды жүріп өткен Елдар жұмыстан бос уақытында өзінің эксклюзивті коллекциясын шығара бастады. Сұраныс та жоқ емес. Тапсырыс берушілердің дені табиғи әрі экологиялық ағаш бұйымдарына қызығушылық танытады екен.
«Мен өнімдерімді кесу тақтасынан, оқтау, шам орнытқышынан бастадым. Қазіргі уақытта ұлттық ыдыстарды дайындаймын: астау, тостаған және тағы басқа бұйымдарды негізінен өзіме, жақындарыма, достарыма және әріптестеріме сыйлық ретінде жасаймын», – дейді азаматтық қорғау кіші сержанты Елдар Искаков.
Елдар қызметтен бос кез келген минутты жону станогында өткізуге асығады. Тағы бір айта кетерлігі, ол Төтенше жағдайлар қызметінің жұмысымен қатар, Мәлік Ғабдулин атындағы азаматтық қорғау академиясында оқиды.
Ол офицер болуды армандайды және өз мақсатына жетеді деген сенімдеміз. Кейіпкеріміз өзінің сүйікті және көрнекті хоббиін ұрпақтарына беруді армандайды.