Өрт сөндірушілердің жолын бөгеген көлік иелеріне айыппұл салынады

Көліктерін ретсіз қойған жүргізушілер өрт сөндіру және құтқару қызметінің жұмысына кедергі келтірсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов мәлімдеді.

ТЖМ

Астана, NEGE. Соңғы уақытта астаналықтардың көлікке толы аулаларға қатысты шағымы көбейген. Мұндай жағдайда өрт сөндіру көліктері оқиға орнына дер кезінде жете алмайды. 

ТЖМ министрінің айтуынша, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар уақыт жоғалтпау үшін арнайы көліктерді эвакуациялайтын арбаларды пайдаланады.

Сонымен қатар, министрлік арнайы көліктердің еркін өтуі және оларға арналған тұрақ орындарын бөлу мәселесіне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізген.

«Біз Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жұмыс істейміз. Осындай жағдайларда әкімшілік айыппұлдар қолданылады», – деп жауап берді Мұханов.

Сондай-ақ жылыту маусымында ТЖМ қызметкерлері ОСИ және ПИК өкілдерімен бірге тұрғындармен кездесіп, үйлердің кіреберісі мен ауладағы жолдарды көлікпен бөгемеу керегін түсіндіреді.