18 декабря 2025 г. 16:02

Орын профициті және жаңа нысандар: СҚО-да 280 орындық жаңа балабақша ашылды

Фото: Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі

Солтүстік Қазақстан облысында соңғы бірнеше жылда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді.

Жаңа нысандар дамып келе жатқан аудандарда салынуда, бұл алдағы қажеттілікті алдын ала қамтып, отбасылар үшін жаяу қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде өңірде балабақша орындарының тапшылығы жоқ – аймақ бойынша 159 орындық профицит тіркелген. Осы жүйелі жұмыстың кезекті нәтижесі ретінде Петропавл қаласында жаңа балабақша ашылды.

Дамып келе жатқан «Жас Өркен» шағын ауданында 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған 280 орындық балабақша өз жұмысын бастады. Оқу-тәрбие процесі мемлекеттік тілде жүргізіледі. Жаңа нысан мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту бағытының бір бөлігі болып табылады – бұл тек қазіргі сұранысты жабу үшін ғана емес, жаңа шағын аудандардағы құрылыс қарқыны мен жас отбасылар санының артуын ескере отырып іске асырылуда.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі

Балабақша қайтарылған активтер есебінен салынды. Жобаның жалпы құны – 2 млрд теңге. Ашылу салтанатында облыс әкімі ата-аналар мен болашақ тәрбиеленушілерді жаңа мектепке дейінгі ұйымның ашылуымен құттықтады.

«Мемлекет басшысы мектепке дейінгі білім беруді дамытуға айрықша көңіл бөліп, болашақ ұрпаққа бағытталған дәйекті саясат жүргізіп келеді. Балабақшаның ашылуы – балаларымыздың жан-жақты дамуына жағдай жасаудағы маңызды қадам. Бұл – Петропавл қаласында қайтарылған активтер есебінен салынған үшінші балабақша. Мемлекет басшысының тапсырмасымен прокуратураның кураторлығымен әлеуметтік, мәдени, спорттық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыратын арнайы мемлекеттік қор жұмыс істеп тұр. Солтүстік Қазақстан облысында қор қаражаты есебінен жалпы сомасы 57,8 млрд теңгені құрайтын 38 жоба іске асырылуда. Бүгінде "Қазақстан халқына" қорының қолдауымен тағы бір 280 орындық балабақша салынып жатыр, онда да оқыту мемлекеттік тілде жүргізіледі. Бұл – өңірдің әлеуметтік саласына көрсетіліп отырған елеулі қолдау», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі

Осы жылдың 16 желтоқсанында аталған шағын ауданда су басу қаупі бар Заречный кентінен көшірілген тұрғындарға арналған көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Жаңа балабақша қоныс аударған тұрғындар үшін де әлеуметтік ортаның маңызды бөлігіне айналды – «үйдің қасында» орналасқан қолайлы шешім ретінде өңірде қалыптасқан орындар резервін толықтырды. Мұнда 12 жас ерекшелік тобы жұмыс істейді, мекеме барлық заманауи талаптарға сай жабдықталған.

«Әр топта балалардың шығармашылық бастамасын дамытуға арналған ойын аймақтары бөлек орналасқан. Мектепке дейінгі ұйымымызда сапалы білім беру қызметін көрсету үшін, оның ішінде инклюзивті білім беруді қамтамасыз ету мақсатында тар бейінді мамандарға арналған арнайы кабинеттер бар», – деді ясли-балабақша меңгерушісі Балғын Мусина.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі

Мектепке дейінгі білім берудің дамуын ата-аналар да оң бағалап отыр. Үшінші топ тәрбиеленушісінің әжесі Бақыт Нұрышева жаңа шағын ауданда балалармен бірге отбасылар үшін жағдай жасалуының маңыздылығын атап өтті.

«Ең бастысы – балаларға мемлекеттік тілде білім беріп, патриоттық рухта тәрбиелеу. Балабақша өте ыңғайлы жерде орналасқан, енді барлығы бір шағын ауданда. Аудан дамып келеді, жаңа үйлер салынуда, жас отбасылар көп. Ата-аналар, әжелер мен аталар атынан Мемлекет басшысына балалардың білім алып, дамуына, сондай-ақ осы балабақшада жұмыс істейтін жас мамандарға жағдай жасағаны үшін алғысымызды білдіреміз», – деді ол.

Алғашқы жұмыс күні тәрбиеленушілер үшін «Танысу» дидактикалық үстел ойыны, «Керек пен қажет» сюжеттік-рөлдік ойыны, сондай-ақ балалардың қатысуымен «Менің Отаным – Қазақстан» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Іс-шара соңында облыс әкімі тәрбиеленушілерге тәтті сыйлықтар табыстап, балабақшаға жаңа интерактивті панель сыйлады.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі

Өңірде мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жалғасуда. 2024 жылы Петропавл қаласында 90 және 140 орындық екі балабақша ашылды. Келесі жылы тағы бір мектепке дейінгі мекеме іске қосылып, қосымша 280 орын ашылады. Осылайша, 159 орындық профицит бола тұра, өңірде отбасылар үшін жайлы өмір сүруге және жаңа тұрғын алаптарының дамуына берік негіз қалануда.