ORDA желілік басылымы 1 қыркүйектен бастап жұмысын тоқтатпақ
1 қыркүйектен бастап ORDA басылымының сайты, YouTube-арнасы және редакцияның әлеуметтік желілердегі барлық парақшалары жабылады.
Астана, NEGE. Мұндай шешімді «Ordamedia.kz» ЖШС құрылтайшысы әрі басшысы Мақсат Ғаниев қабылдаған. Ол редакцияның жабылуына басылым табысының жеткіліксіздігі себеп болғанын, бұдан өзге ешқандай себеп жоқ екенін атап өтті.
«Жабылу себебі қарапайым. Мен Orda.kz-ке салған алты жылдық инвестициямның қорытындысын шығардым да, орасан зор шығыннан ең болмаса қандай да бір пайдаға шығуға ешқандай мүмкіндігім жоқ екенін түсіндім. Orda.kz-ті ең алдымен бизнес-жоба ретінде қарастырғанымды өздеріңіз де білесіздер», – делінген мәлімдемеде.
Айта кетейік, жақында редакцияның тең құрылтайшысы әрі бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенова сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сот үкімді орындауды екі жылға кейінге қалдырды. Ол көрінеу жалған ақпарат тарату, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу, сондай-ақ бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету қылмыстары бойынша айыпталды.
Гүлнар Бажкенова өзіне тағылған бұл айыптарды мойындаған жоқ.