Orda.kz-тің бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға шыққан үкім өзгеріссіз қалды

22 қыркүйекте Алматы қалалық соты жазасын екі жылға кейінге қалдыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілген Гүлнар Бажкенованың апелляциялық шағымын қарады.

@bazhkenova/Instagram

Астана, NEGE. Бұл жөнінде журналист Вадим Борейко Facebook желісіндегі парақшасында хабарлады.

«Судья Светлана Яковлева төрағалық еткен сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды», – деп жазды журналист.

Еске салсақ, бұған дейін Бостандық аудандық қылмыстық істер жөніндегі соты Бажкенованы Қылмыстық кодекстің 189, 214 және 274-баптары бойынша кінәлі деп танып, оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді. Бұл ретте жазаны өтеу мерзімі екі жылға кейінге қалдырылған болатын.

ORDA басылымының бұрынғы бас редакторы көрінеу жалған ақпарат таратты, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты, сондай-ақ бөтеннің мүлкін иемденді немесе ысырап етті деп айыпталды. 

Іс бойынша 11 адам мен ұйым жәбірленуші деп танылды. Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша тағылған айып ORDA-да жарияланған сегіз материалға қатысты болды. Олардың арасында «ҚТЖ», «ҚазМұнайГаз», Қарағандыдағы Ленин атындағы кинотеатр, сондай-ақ басқа да компаниялар мен азаматтар туралы материалдар бар.