12 января 2026 г. 16:42

«Ордабасының» экс-президенті қылмыстық жазадан босатылды

Фото: kazfootball.kz

Бюджет қаражатын жымқырды деп күдікке ілінген Бауыржан Әбдубаитовқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлайды Kazinfom.kz.

Астана, NEGE. Тергеу материалдарына сәйкес, Бауыржан Әбдубаитов Шымкент қаласындағы «Ордабасы» футбол клубының президенті қызметін атқарып тұрған кезде директорлар кеңесімен келіспей, футболшылармен көпмиллиондық келісімшарттарға қол қойып, оларға қомақты бонустар белгілеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің нұсқасы бойынша, мұндай шешімдер 2,3 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкеп соққан.

Сонымен қатар тексеріс барысында клубтың Конференциялар лигасына қатысуына бөлінген 1,2 млрд теңгенің мақсатсыз пайдаланылғаны анықталған. Ұйымдастыру шығындарының орнына бұл қаражат салық берешегін өтеуге және футболшыларға үстемеақы төлеуге жұмсалған.

Бұл фактілер бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану және бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану белгілерімен тағы бір қылмыстық іс қозғаған. Осылайша, тергеу Қылмыстық кодекстің екі бабына сәйкес жүргізілген.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті Әбдубаитовқа қатысты салғырттық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізгенін хабарлайды. Оның қорытындысы бойынша қылмыстық іс ақталмайтын негіздермен тоқтатылған. Қабылданған шешіммен Шымкент қаласының прокуратурасы келіскен.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілмейді», – Бас прокуратураның ақпарат агенттігіне берген түсіндірмесінде.

Осылайша, Әбдубаитовқа қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған. Құқыққа қайшы әрекет жасағаны іс жүзінде мойындалғанымен, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылған, осыған байланысты оған ешқандай жаза қолданылмайды.