16 февраля 2026 г. 13:51

«Ордабасы» клубы Шахмұрат Мүтәліптің меншігіне өтеді

Фото: Шымкент әкімдігі

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Integra Construction KZ» ЖШС басшысы Шахмұрат Мүтәліп «Ордабасы» кәсіби футбол клубын жекешелендіру туралы меморандумға қол қойды.

Астана, NEGE. Меморандум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылды, деп хабарлады қала әкімдігі.

«Құжат жеке инвестициялар жұмылдыруды, тұрақты нарықтық басқару моделіне көшуді және заманауи корпоративтік басқару стандарттарын енгізуді көздейді. Негізгі бағыттардың қатарында материалдық-техникалық базаны жаңарту, жаттығу инфрақұрылымын дамыту, басқару үдерістерін цифрландыру және клубтың коммерциялық тиімділігін арттыру бар», – делінген хабарламада.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, бұл қадам клубты ұлттық және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті етуге, мүмкіндіктерін кеңейтуге және кәсіби спорттың тұрақты дамуына қосымша ресурстар жұмылдыруға мүмкіндік береді

Өз кезегінде Шахмұрат Мүтәліп компания алдында инфрақұрылымға, жас ойыншыларды даярлауға және бәсекеге қабілетті команда қалыптастыруға баса мән бере отырып, клубтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету міндеті тұрғанын атап өтті.

Бұған дейін «Ордабасы» ФК легионерлер мен ойыншылардың жалақысына қатысты сынға ұшырады. Бес жыл ішінде клубты қаржыландыруға 22,7 миллиард теңге бөлінсе, оның тек 11 пайызы ғана бұқаралық футболды дамытуға жұмсалды. 

Сондай-ақ Шахмұрат Мүтәліптің ERG корпорациясының 40 пайыз акциясын сатып алуға ниетті екенін жазған едік.