Ораза кезінде жамағатпен намаз оқылмайды
Вирус жұқтыруды болдырмау үшін Алматыда жамағатпен намаз оқылмайды. Уағыз-насихат жұмыстары онлайн түрде өтеді.
Алматы, NEGE. Пандемияға байланысты мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айында мешіттерде жамағатпен намаз оқылмайды. Бүгін Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай сөз сөйледі. Ол ораза ұстаудың рухани тәжірибесі туралы айтып, оны коронавирус кезеңінде сақтау туралы ұсыныстар берді.
Алматының бас имамы Еркінбек Шоқай мұсылман қауымын келе жатқан қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
«Біздің халқымыз ежелден Рамазанды ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп атаған. Берекесі мол айда жарамазан жырын айтып, оразаның келгенін қуанышпен жеткізіп, насихаттаған», – деді Еркінбек Шоқай. Имам мұсылмандардың ораза ұстау парызы жайлы айтылған хадистерді тілге тиек етті. Сонымен бірге, биылғы жылы қасиетті Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталатынын хабарлады. Орталық Азия мүфтилерімен кеңесіп, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сүйене отырып осындай шешім қабылданған.
«Алғашқы тарауық намазы 12 сәуір күні оқылады. Биыл да қаламыздағы эпидахуалдың күшеюіне байланысты мешіттерде уақытша жамағатпен тарауық намазы оқылмайды», – деді қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай.