Оралдың бас ветеринары пара алды деген күдікпен ұсталды

Оралда Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қалалық аумақтық инспекциясының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталды. 

freepik.com

Астана, NEGE. Бұл жөнінде заңгер, қоғам белсендісі Бауыржан Заки Facebook желісінде хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, шенеунік 1 маусымда шаруа қожалығынан пара алу кезінде ұсталған.

«Қылмыстық қудалауды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізуде», – деп жазды қоғам белсендісі.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Орал қалалық аумақтық инспекциясы басшысы қызметін Абылай Мұқаев атқарып келеді.

Құзырлы органдар бұл ақпарат бойынша әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Бауыржан Закидің пікірінше, өңірдің ветеринария саласын «жемқорлық жегі құртындай жайлаған». Сөзіне дәлел ретінде қоғам белсендісі Батыс Қазақстан облысындағы ветеринариялық бақылау жүйесіндегі бұған дейінгі жемқорлық оқиғаларын тізбелеп шыққан.

2024 жылы қыркүйекте Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының бас маманы Ястауи Мұсағалиевке үкім шыққан. Ол Қылмыстық кодекстің 366-бабымен (пара алу) кінәлі деп танылып, оған 24 млн теңге айыппұл түрінде қылмыстық жаза тағайындалған. Сот кабинетіндегі мәліметке сәйкес, ол шекарадан ет, мал тиелген көлікті заңсыз өткізгені үшін 400 мың теңге пара алған.

Осы іс бойынша Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының ветеринарлық инспекторы Талғат Айсиев те сотталған. Шекарадан ет, мал тиелген көлікті заңсыз өткізу үшін 130 мың теңге пара алғаны дәлелденіп, оған 7,8 млн теңге айыппұл салынған.

Өткен жылдың 29 қыркүйегінде Бөрлі аудандық ветеринариялық станциясының директоры Жанболат Махмудовке үкім шыққан. Сот мәліметінше, ол жиырма бас жылқыны заңсыз тіркегені үшін 200 мың теңге пара алған. Оған 6 млн теңге айыппұл салынған.

Айта кетерлігі, сотты болған шенеуніктердің басшылары әлі күнге дейін қызметінен кетпеген.