Оралда кәсіпкердің өлімі туралы досы пікір білдірді
Оқиғаның куәгерлері көп. Өйткені қанды қылмыс күндіз орталық саябақтың маңындағы ел қарасы көп жерде жасалған. Әрі бақылау камерасына да анық түсіп қалды, деп хабарлайды КТК.
Алматы, NEGE. Бұған дейін тараған видеода 6-тамыз күні кешкі сағат жетіде қаладағы «Рахат лукум» кафесіндегі оқиға бейнеленген. Онда кәсіпкердің екі жігітпен жанжалдасып отырғанын көруге болады. Еркін Мұханғалиев орынан тұрғанда қарсыда отырғаны пышақ алып түрегеледі. Қас пен көздің арасында қолындағысымен күре тамырды осып жіберген. Қаны судай атқылағаны қаскөйді тоқтатпады. Ол бұдан соң да біренеше рет жанын шүберекке түйген марқұмның кеудесі мен желке тұсына пышақ ұрады. Қансыраған күйі терезеден шыға қашуға ұмтылған. Алайда оны далада қуып жетіп, тағы 10 шақты рет пышақтады. Көптеген куәгердің көз алдында кәсіпкердің демі үзіліпті.
- Жап-жас қой. 49 жаста дейді. Көзбен көргеніме сене алар емеспін. Анандайдан кейін жүрегім ауырып, кеше жұмысқа шыға алмадым. Бүгін ғана есімді жидым. Жәй ғана келіп адам өлтіре салу оңай шаруаға айналды ма? Қылмысты көбі, тіпті кішкентай балалар да көрді, - дейді оқиға куәгері.
Ал күдіктілердің қанжоса күйі бой тасалағаны тағы бір кемераға түсіпті. Аты-жөні сол күні ақ белгілі болған: 31 жастағы Руслан Қожантаев пен 21 жастағы Тұрлан Амангелді. Оралда ұстау операциясы жарияланып, күдіктілерді іздеуге полиция мен Ұлттық ұлан сарбаздары жұмылдырылды. Күдіктілердің фотосуреті ілініп, қаланының іші мен кірер шығар жолына полиция бекеттері қойылған. Сенбі күні кештен басталған іздеу шаралары бүгінге дейін жалғасты.
Ал марқұмның жақын досы оқиға қатысты былай дейді.
“Еркін үнемі өзіне ешқандай қорғаушы, күзет керек емес, өз-өзімді қорғай аламын дейтін. Өз мейрамханаларымды қорғай аламын дейтін. Енді міне, ажал. Қандықол қылмыскерлер қолынан кетті. Жұбайы жесір, екі баласы жетім қалды. Қылмыскерлерге ең сұрапыл жаза сұраймын”, – дейді Қажымұқан Ғабдолла.