Оралда журналист Лұқпан Ахмедияровты полиция ұстап әкетті
Журналист Рауль Упоровтың мәлімдеуінше, әріптесі Лұқпан Ахмедияровты Оралда полицейлер Ресей Федерациясының сұрауы бойынша халықаралық іздеуде жүргендіктен ұстаған.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Упоров Facebook желісінде хабарлады.
Журналистің ұсталуына қатысты облыстық полиция департаменті өкілдері NEGE-ге түсініктеме берді.
«22 маусым күні патрульдік полиция батальоны қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде Volkswagen маркалы автокөлікті тоқтатты.
Тексеру кезінде аталған көлік құралының жүргізіп отырған азаматтың автокөлік иесі еместігі және міндетті сақтандыру полисінің болмағаны анықталды», – делінген полиция хабарламасында.
Полицейлердің хабарлауынша, осы құқық бұзушылық үшін азамат Ахмедияров әкімшілік жауапқа тартылған.
Бұған қоса, «оның сыртқы келбеті полицейлердің күдігін туғызғандықтан», ол медициналық куәландырудан өтуге жіберілген.