Оралда 272 млн теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берген шенеунік қатаң сөгіс алды

Орал қаласында құны 272 млн теңге болатын автомобиль жолын күрделі жөндеуге арналған мемлекеттік сатып алулар барысында заңбұзушылыққа жол берілгені анықталды.

Depositphotos

Астана, NEGE. Облыстық прокуратура мәліметінше, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі ұзындығы 1,2 шақырым жолды күрделі жөндеуге шарт жасасқан.

Осы шартты тексеру барысында прокурорлар бюджет заңнамасының бұзылғанын, жоспарланған жұмыстардың мәлімделген жөндеу түріне сәйкес келмейтінін анықтаған. Сондай-ақ аталған жол учаскесіне асфальт төсеу қажеттілігін көрсететін экономикалық негіздеме жоқ болып шыққан.

«Прокуратураның наразылығы негізінде шарт бұзылып, 272 млн теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді», – делінген хабарламада.

Ал заңбұзушылыққа жол берген бөлім басшысына қатаң сөгіс жарияланды.