Орал қаласы әкімінің орынбасарына 648 мың теңге айыппұл салынды

Орал қаласы әкімінің орынбасары бәсекелестікті қорғау заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі. 

Depositphotos

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы хабарлады.

Прокуратура талдауының нәтижесінде Орал қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жобалау ұйымдарымен келісім жасап, олардан жобалау-сметалық құжаттаманы тегін әзірлеткені анықталды. Кейін осы жобалар бюджет қаражаты есебінен іске асырылған. Прокуратура мұны бәсекелестікке қарсы әрекет деп таныған.

«Заңбұзушылықтарға жол берген Орал қаласы әкімінің орынбасары ҚР ӘҚБтК 163-бабының 1-бөлігі бойынша 648 мың теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Айыппұл толық өндірілді», – делінген хабарламада.

Прокурорлар бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзу заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соқтыратынын ескертеді.