ОПЕК+ құрамындағы жеті ел қыркүйекте мұнай өндіру көлемін арттырады

Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Кувейт, Алжир және Оман қыркүйекте мұнай өндіру көлемін тәулігіне 188 мың баррельге арттыруға келісті.

freepik.com

Астана, NEGE. Шешім 2 тамызда өткен онлайн-кездесу кезінде қабылданды. Жиында әлемдік мұнай нарығындағы жағдай мен оның даму болжамы қаралды.

Ең көп өсім Сауд Арабиясы мен Ресейге тиесілі. Екі ел де өндірісті тәулігіне 62 мың баррельге арттырады. Ирактағы өсім 26 мың, Кувейтте 16 мың, Қазақстанда 10 мың, Алжирде 6 мың, Оманда 5 мың баррель болады.

Қыркүйекте елдер үшін белгіленген тәуліктік өндіріс көлемі:

  • Сауд Арабиясы – 10 млн 478 мың баррель;
  • Ресей – 9 млн 949 мың баррель;
  • Ирак – 4 млн 431 мың баррель;
  • Кувейт – 2 млн 676 мың баррель;
  • Қазақстан – 1 млн 628 мың баррель;
  • Алжир – 1 млн баррель;
  • Оман – 841 мың баррель.

Жеті ел 2024 жылғы қаңтардан бері белгіленген мөлшерден артық өндірілген мұнай көлемін толық өтеуге ниетті екенін де растады. Міндеттемелердің орындалуын ОПЕК бірлескен министрлік мониторинг комитеті бақылайды.

Келесі кездесу 6 қыркүйекте өтеді.