ОПЕК+ елдері мұнай өндіру өсімін тоқтататынын жариялады
ОПЕК+ ұйымының сегіз елі 2023 жылдың сәуірінде жарияланған тәулігіне 1,65 млн баррель көлемінде мұнай өндіруді енді тәулігіне 137 мың баррельге түзету туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ұйымның жексенбіде өткен онлайн жиынында жарияланды. Аталған өзгеріс 2025 жылғы желтоқсанда іске асырылады.
Астана, NEGE. Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, БАӘ, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман елдері желтоқсаннан кейін, маусымдық факторларға байланысты 2026 жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында өндіріс өсімін тоқтата тұрмақ.
Сондай-ақ ОПЕК+ елдері тәулігіне 1,65 млн баррель көлеміндегі өндіріс көлемі нарық жағдайының өзгеруіне қарай ішінара немесе толық қайтарылуы мүмкін екенін және бұл үдеріс кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын растады.
«Елдер нарықтағы жағдайды мұқият бақылауды жалғастырады және нарық тұрақтылығын қолдау мақсатында сақтық танытып, қажеттілік туындаған жағдайда қосымша ерікті өндіріс қысқартуларын тоқтату немесе кері қайтару үшін икемділікті сақтаудың маңыздылығын растады. Бұл ретте 2023 жылдың қарашасында жарияланған тәулігіне 2,2 млн баррель көлеміндегі бұрынғы ерікті қысқартулар да ескеріледі», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ ОПЕК+ құрамындағы сегіз ел бұл шара өтемақы төлеу қарқынын жеделдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті және 2024 жылғы қаңтардан бастап кез келген артық өндірілген көлемді толық өтеуге ниетті екендерін растады.
Айта кетейік, Қазақстанға желтоқсан айында тәулігіне 7 мың баррель өсім белгіленген, бұл қарашадағы көрсеткішпен бірдей.