Оңтүстік Кореяның экс-бірінші ханымының жазасы қысқарды

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльдің жұбайы Ким Гон Хиге қатысты пара алу ісі бойынша апелляциялық сот оның жазасын жеті жылдан бес жылға дейін қысқартты, деп хабарлайды Yonhap.

NEGE/en.yna.co.kr

Астана, NEGE. Сеул Жоғарғы соты бірінші инстанцияның шешімін ішінара өзгертіп, Кимге тағылған айыптардың екеуін алып тастады.

Тергеу мәліметінше, Ким Гон Хи 2022 жылдың наурыз-мамыр айлары аралығында құрылыс компаниясының төрағасынан жалпы құны 100 млн воннан (шамамен 43,4 млн теңге) асатын зергерлік бұйымдар алған. Айыптау тарапы бұл сыйлықтар оның төраға күйеу баласының мемлекеттік қызмет алуына көмектесуімен байланысты болғанын мәлімдеген.

Бұдан бөлек, экс-бірінші ханымға 2022 жылы алтын тасбақа мүсінін, Чосон дәуіріндегі картинаның көшірмесін, Dior сөмкесін және Vacheron Constantin сағатын алды деген айып тағылған. Сондай-ақ 2023 жылдың ақпанында бұрынғы прокурордан танымал суретші Ли Уфанның картинасын алып, оған сайлауда кандидат ретінде ұсынылуына көмектесуге уәде берді деген күдік келтірілген.

Бірінші инстанция соты Ким Гон Хиді барлық эпизод бойынша кінәлі деп таныған. Ал апелляциялық сот оны қымбат сағат пен картинаның көшірмесін алғаны жөніндегі екі айып бойынша ақтап шықты.

Сот қалған айыптар бойынша кінәлі деп танып, сыйлықтарды тәркілеуге және 24,4 млн вонды мемлекет пайдасына өндіріп алуға шешім шығарды. Бірінші инстанция бұл соманы 64,8 млн вон көлемінде белгілеген еді.

Сот Ким Гон Хидің президент жұбайы ретіндегі мәртебесіне қарамастан, бірнеше рет құнды заттарды қабылдағанын атап өтті.

Еске салайық, Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль жауға көмектесу және билікті асыра пайдалану айыптары бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, экс-президент 2024 жылдың қазан айында Пхеньянды арандату және шекарадағы шиеленістің күшеюін алдын ала болжап, 3 желтоқсанда әскери жағдай енгізуге сылтау ету мақсатында операция жүргізуге бұйрық берген.