Оңтүстік Кореяның бұрынғы президентіне тағы 30 жыл жаза кесілді

Жұма, 12 маусымда Сеул соты бұрынғы президент Юн Сок Ёльді тағы 30 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде үкім шығарды.

Ақорда

Астана, NEGE. Yonhap мәліметінше, Юн Сок Ёль жауға көмектесу және билікті асыра пайдалану айыптары бойынша кінәлі деп танылды.

Тергеу болжамына қарағанда, елдің бұрынғы президенті 2024 жылдың қазан айында Пхеньянды арандату және шекарадағы шиеленістің күшеюін алдын ала болжап, 3 желтоқсанда әскери жағдай енгізуге сылтау ету мақсатында операция жүргізуге бұйрық берген.

Онымен бірге бұрынғы осы операцияға қатысқан Қорғаныс министрі Ким Ён Хён 30 жылға, Қорғаныс министрлігі Қарсыбарлау қолбасшылығының бұрынғы басшысы Ё Ин Хён 15 жылға, Ұшқышсыз ұшу аппараттары қолбасшылығының бұрынғы басшысы Ким Ён Дэ 3 жылға сотталды. 

«Әскери жағдай енгізуге негіз қалыптастыру үшін айыпталушылар психологиялық соғыс тактикасын қолдануға шешім қабылдаған. Олар КХДР-ды арандатып, жауап әрекетіне итермелеуді, кейін оны жергілікті қақтығыс секілді қарулы жанжал туындатуға немесе әскери шиеленістің күшеюі нәтижесінде ұлттық қауіпсіздік дағдарысын жасауға пайдалануды көздеген», – делінген сот үкімінде.

Юн Сок Ёльдің адвокаттары дрондарды пайдалану 2024 жылы Солтүстік Кореяның Оңтүстік Кореяға қарай қоқыс тиелген әуе шарларын жіберуіне жауап ретінде жүргізілген заңды әскери операция болғанын мәлімдеді. Олар сот үкіміне апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Бұл бір жылға жуық уақыттан бері қамауда отырған бұрынғы президентке қатысты кезекті айыптау үкімі болды.

Жалпы, елде әскери жағдай енгізуге әрекеттенуіне байланысты оған қарсы сегіз қылмыстық іс қозғалған.

2026 жылдың қаңтарында Юн Сок Ёль «тұтқындауға кедергі келтірді» деген айыппен бес жылға сотталған еді.

Ал ақпанда «әскери жағдай жариялау арқылы бүлік ұйымдастырды» деген айыппен өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын.