Оңтүстік Кореяда Temu-дан алынған балалар тауарлары улы боп шықты
Оңтүстік Корея билігі Temu және AliExpress платформаларынан оннан астам балалар тауарын сатылымнан алып тастауды талап етті. Себебі ойыншықтар, киімдер мен аяқ киімдер қауіпсіздік тексерісінен өтпей, олардағы улы химиялық заттардың деңгейі рұқсат етілген нормалардан әлдеқайда асып кеткен.
Сеул билігі Temu және AliExpress-тен сатып алынған 35 түрлі балалар тауарына қауіпсіздік стандарттарына сәйкестік бойынша тексеру жүргізді. Соның ішінде 11 тауар тексеруден өтпеген. Мәселен, алты түрлі балалар қолшатырынан фталат негізіндегі пластификаторлар табылған. Бұл заттардың концентрациясы рұқсат етілген мөлшерден 400 еседен астам артық болған. Әдетте фталат негізіндегі пластификаторлар пластикті икемді ету үшін қолданылады. Бұл заттардың мөлшерінің көп болуы балаларда жыныстық жетілудің кешеуілдеуіне, ересектерде бедеулікке әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, фталаттардың ағзаға әсері ми дамуына кері ықпал етіп, балалар арасында демікпе, СДВГ (зейін жетіспеушілігі мен гиперактивтілік синдромы), 2-типтегі қант диабеті және басқа да бірқатар аурулардың даму қаупін арттырады.
Басқа балалар қолшатырларынан оңтүстіккореялық сарапшылар қорғасын деңгейінің 27,7 есеге артқанын анықтаған. Қорғасын – ағзаға улы ауыр металл, ол дәлелденген. Онымен улану ми мен орталық жүйке жүйесіне зақым келтіреді, балаларда физикалық және психологиялық дамудың баяулауына, есту, сөйлеу және когнитивтік қабілеттердің бұзылуына себеп болады.
Оңтүстік Корея билігінің қауіпті тауарларды сатылымнан алып тастау талабына жауап ретінде Temu әкімшілігі ішкі тексеріс жүргізуге уәде берген, алайда тексеріс нәтижелері әлі күнге дейін жарияланған жоқ.
Осыған ұқсас жағдайда Ирландия билігі де Temu-дан балаларға қауіпті болып шыққан жұмсақ аюды маркетплейстен алып тастауды талап еткен. Елде жұмсақ ойыншықтың тігістері өздігінен ашылып, ішіндегі толтырғыш материалдың балалар үшін тұншығып қалу қаупін тудыратын бірнеше оқиға тіркелген.
Қазақстандықтар да қытайлық маркетплейске наразылықтарын жиі білдіріп жатыр. Азаматтар шектен тыс жарнама мен жеңілдіктер, акциялар туралы бітпейтін хабарламаларға шағымдануда. Ал Мәжіліс депутаты Азат Перуашев құны 200 еуроға дейінгі сәлемдемелерге баж салығы салынбайтындықтан қытайлық маркетплейстердің кедендік төлемнен жалтарып отырғанын айтқан. Сонымен қатар, депутат ҚҚС-ты да толық төлемейді деген күдік білдірді. Бұл екі фактор да отандық шағын және орта бизнеске теріс әсерін тигізуде, себебі оларға жасалған жағдайлар тең емес.