Оңтүстік Кореяда құрылыс алаңында Қазақстан азаматы қаза тапты

Сыртқы істер министрлігі Оңтүстік Кореяда Қазақстан азаматы қайтыс болғанын растады. Ведомство ақпаратынша, қазақстандық жұмысшы Сеулдегі құрылыс алаңында болған жазатайым оқиға салдарынан көз жұмған.

freepik.com

Астана, NEGE. Yonhap агенттігінің мәліметінше, оқиға 29 қыркүйекте болған. 30 жастағы қазақстандық азамат Сеулдегі құрылыс нысанының 23-қабатындағы пәтер ішінде тазалық жұмысын бастауды күтіп тұрған. Осы кезде бетон төбенің бір бөлігі құлап, оны басып қалған. Ол оқиға орнында жантәсілім еткен.

Қайғылы оқиғадан кейін Корея Республикасының Еңбек министрлігі нысандағы жұмыстарды уақытша тоқтатып, полиция және құрылыс қауіпсіздігі органдарымен бірлесіп, апаттың себебін анықтауға кірісті.

«Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыс орнатып, оларға қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр», – деп хабарлады Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада құрылыс алаңында КБ-403 мұнаралы краны құлап, ауыр жарақаттан 36 жастағы краншы оқиға орнында көз жұмғанын жазған едік.