Оңтүстік Корея «цифрлық көшпенділерге» арналған визаны ресми түрде іске қосты

Оңтүстік Корея 2024 жылдан бері пилоттық режимде енгізілген Digital Nomad (Workation) визасы бағдарламасын ресми түрде іске қосты.

pixabay.com

Астана, NEGE. Ел Үкіметінің ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, жаңа ереже қашықтықтан жұмыс істейтін шетелдік мамандарды тартуға бағытталған. 

Бағдарламадағы негізгі жаңашылдықтардың бірі – табысқа қойылатын талаптың жеңілдетілуі. Бұған дейін барлық үміткерлер жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыстың кемінде екі есесіне тең табысын растауы тиіс болатын. Енді Сеулден тыс жерде тұруды жоспарлаған 18-34 жас аралығындағы мамандар үшін бұл талап жан басына шаққанда бір жалпы ұлттық табыс көлеміне дейін төмендетілмек.

Бұған қоса виза бойынша елде болудың ең ұзақ мерзімі екі жылдан үш жылға дейін ұлғайтылды. Билік бұл өзгеріс шетелдік мамандардың елмен жақынырақ танысуына мүмкіндік беріп, олардың Оңтүстік Кореяға ұзақ мерзімге қоныс аудару мүмкіндігін арттырады деп есептейді.

2026 жылғы мамырдағы жағдай бойынша елде осындай визамен 398 адам тұрып жатыр. Олардың басым бөлігі – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің азаматтары. Бағдарламаға қатысушылардың едәуір бөлігі Сеул қаласы мен оған жақын орналасқан елордалық өңірді таңдаған.

Digital Nomad Visa (цифрлық көшпенділер визасы) – шетел азаматына басқа мемлекетте заңды түрде тұрып, шетелдік жұмыс берушіге немесе шетелдегі клиенттерге қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беретін арнайы виза. Ол фрилансерлерге, қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлерге және табысын шетелден алатын кәсіпкерлерге арналған.