Оңтүстік Корея президенті генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтарғаны үшін Қазақстанға алғыс айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде Корея Республикасының президенті Ли Чжэ Мёңмен кездесіп, шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Астана, NEGE. Кездесуде Корея басшысы ел тарихында айрықша орны бар және қиын-қыстау кезеңде халқына қорған болған генерал Хон Бом Доның сүйегін тарихи отанына қайтарғаны үшін Қазақстанға айрықша алғысын білдірді.
«Қазақ халқы кезінде жер аударылған корейлерге пана болды. Осы орайда сізге және қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз», – деді Ли Чжэ Мёң.
Қасым-Жомарт Тоқаев корей генералы Хон Бом Доның тарихымен жақсы таныс екенін айтып, батырды есте қалдыру үшін оның сүйегін отанына қайтару туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
Бұған қоса Президент екі елдің түрлі бағыттағы ықпалдастығының қазіргі жай-күйі мен келешегін жоғары бағалады.
«Екіжақты қарым-қатынасқа тоқталсақ, сапар барысында 19 миллиард долларды құрайтын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Корей инвесторларының жұмысына көңіліміз толады, алдағы уақытта да осы бағыттағы байланыстарды жалғастырамыз. Қонақ үй, мұнай өңдеу зауытын салу және қала құрылысы бойынша жақсы жоспарларымыз бар. Әсіресе, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ден қоямыз», – деді Тоқаев.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Корея Республикасының стратегиялық серіктестігін нығайтуға және оны жаңа әрі нақты мазмұнмен толықтыруға ниетті екенін растады.
Еске салсақ, 14 қыркүйекте Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент басшысы Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барып, бірқатар кездесу өткізді.