«Оңай серіктес емес»: Путин Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы туралы айтты

Қазақстан мен Ресей арасында өнеркәсіп, инвестициялар және ірі жобалар бойынша ынтымақтастық мәселелерінде жиі пікірталастар туындайды. Алайда екі тарап та өзара ымыраға келуге ұмтылады.

kremlin.ru

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан Республикасы Президенті телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева қойған сұраққа жауап беру кезінде мәлімдеді.

«Қазақстанмен қарым-қатынасымыз өте табысты, өрлеу бағытында дамып келеді. Сонымен қатар бірден атап өткім келеді: Қазақстандағы достарымыз, серіктестеріміз оңай серіктестер емес. Бізде әрбір дерлік мәселе бойынша өте қызу пікірталастар жүреді. Бұл қаржы саласындағы қатынастарға, өнеркәсіптегі байланыстарға, инвестициялық қызметтің шарттарына, ірі жобаларға қатысты. Бірақ екі тарапта да тек өзара тиімді емес, ортақ мақсаттарға жетуге ықпал ететін ымыраны табуға деген ниет бар. Ал ортақ мақсат айқын – Қазақстан мен Ресей азаматтарының әл-ауқатын арттыру және елдердің дамуын қамтамасыз ету», – деді Владимир Путин.

Сондай-ақ Ресей басшысы Қазақстандағы атом электр станциясының құрылысына қатысты пікір білдірді.

«Қазақстан – әлемде аса қажет әрі сұранысқа ие табиғи ресурстарға өте бай мемлекет екенін атап өткім келеді. Мен электр станциялары мен атом электр станцияларына арналған отын туралы айтып отырмын. Біз Қазақстанмен осы бағытта табысты ынтымақтастық орнаттық. Өзінің табиғи ресурстық әлеуетіне сүйене отырып және бірлескен мүмкіндіктерді дамыта отырып, Қазақстан энергетика саласындағы көптеген міндетті шешіп, үлкен жетістіктерге жетеді деп сенемін. Ел энергия көздерін әртараптандырады. Менің білуімше, Қазақстан қажетті электр энергиясының шамамен 20 пайызын атом электр станциясы арқылы өндіруді жоспарлап отыр», – деді Ресей президенті.

Оның пікірінше, атом электр станциясы жобасын іске асыру елді қосымша энергетикалық қуатпен қамтамасыз етіп қана қоймай, экономиканың жаңа саласын қалыптастыруға мүмкіндік береді.