«Өмірде ешкімге жеңілдік жоқ»: протезбен жаттығатын бодибилдер шабытты қайдан алады?
Бүгінде Қазақстанда 750 мыңдай мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Олардың арасында тағдыр тәлкегіне мойымай, мықты ерік-жігермен көпке үлгі болып жүргендері жетерлік.
Астана, NEGE. Солардың бірі – IT маманы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұрынғы кеңесшісі, кәсіпкер әрі бодибилдер Әділет ЗАКИЕВ. Алты жасында жол апатынан оң қолынан айырылған ол бұл жағдайды өмірлік шектеу емес, жаңа мүмкіндік ретінде қабылдады. Мемлекеттік қызметте жүрген кезінде өзімен тағдырлас азаматтардың құқықтарын қорғауға үлес қосты. Сонымен қатар, бодибилдинг турнирлерінде Men's Physique санаты бойынша мүгедектігі жоқ спортшылармен иық тірестіріп келеді.
NEGE тілшісі жүйені ішінен білетін бұрынғы шенеунік, арнайы қолдан жасалған қондырғылардың көмегімен штанга көтеретін спортшы Әділет ЗАКИЕВПЕН елдегі әлеуметтік қолдаудың шынайы жай-күйі, цифрландыру, протездеу мәселесі және адамның ішкі тәртібі туралы тұщымды сұхбат өрбітті.
– Әділет мырза, әлеуметтік желідегі парақшаңыздан спорттың өміріңізде маңызды орын алатынын байқауға болады. Алайда жаттығу кезінде, әсіресе ауыр салмақ көтергенде, қолыңызға арнайы бейімдеу құралдары қажет екені анық. Жаттығу процесін қалай бейімдедіңіз? Қандай құрылғылар мен тәсілдерді қолданасыз?
– Бодибилдингте бірнеше федерация бар. Олардың әрқайсысының өз талаптары мен шектеулері болады. Әдетте мүгедектігі бар спортшыларға жеке санат қарастырылады. Көп жағдайда оларға басқа спортшылармен бірге өнер көрсетуге рұқсат берілмейді.
Менің жағдайым сәл өзгеше болды. Жарысқа менен басқа мүгедектігі бар спортшы қатыспады. Сол себепті ұйымдастырушылар маған жалпы санатта өнер көрсетуге мүмкіндік берді. Мен Men's Physique санатында бақ сынадым.
Жалпы, елімізде бодибилдингпен айналысып, жарыстарға қатысатын мүгедектігі бар адамдар өте аз. Әсіресе республикалық деңгейдегі турнирлерде оларды сирек кездестіресіз. Өйткені жарысқа қатысу үшін басқа қалаға бару керек, ал бұл қосымша шығынды талап етеді. Көп жағдайда спортшыға бірге жүретін көмекші де қажет. Сондықтан мұндай жарыстарға қатысу қаржылық тұрғыдан да қиын.
Жаттығу процесіне келсек, мен спортпен көптен бері айналысамын. Шамамен 18 жасымнан бастап жаттығу залына бара бастадым. Бұл маған жақсы дене бітімі үшін ғана емес, ең алдымен денсаулығымды сақтау үшін қажет болды. Қазір жасым 35-ке таяды. Омыртқамда протрузия мен жарық секілді мәселелер бар. Өмір сапасын сақтау үшін үнемі жаттығу керек. Бір айдай үзіліс жасасаң, бірден ауырсыну мен жайсыздық сезіле бастайды.
Тұрақты түрде шамамен 20 жасымнан бастап жаттыға бастадым. Бірақ қолымның басы болмағандықтан, арнайы құрылғылар қажет еді. Алғашқы құрылғыларды өзіміз қолдан жасадық. Ролик тебуге арналған қорғаныш қолғап пен кәдімгі әскери белдікті пайдаландық. Әкем әскери қызметкер болғандықтан, оның белдігі өте мықты еді. Сол белдік арқылы қолымды бекітіп, тарту жаттығуларының шамамен 90 пайызын орындай алдым.
Осылайша бес жылдай жаттықтым. Кейін спортқа байыппен қарай бастаған кезде, протез жасайтын шеберханада гипстен екі түрлі арнайы саптама жасап берді. Біріншісі жатып сығымдау (жим лежа) секілді жаттығуларға арналған. Пішіні ілмекке ұқсайды, оған штанганы немесе басқа спорттық құралды ыңғайлы орналастыруға болады. Екіншісі жартылай жұмылған алақанға ұқсайды және басқа жаттығулар кезінде қолды өзгеше тәсілмен бекітуге мүмкіндік береді.
– Бодибилдинг жолында сіз үшін қайсысы қиын болды: физикалық дайындық па, әлде психологиялық кедергілерді жеңу ме?
– Шынымды айтсам, бұл туралы көп ойланған емеспін. Жалғыз шектеу – кейбір нәрсені өз бетіңше жасай аласың, ал кейбірін арнайы бейімдеу құралдарынсыз орындау мүмкін емес. Мұнда ең бастысы – жағдайға бейімделіп, шешімін табу.
Шамамен 1997 жылы, алты жасымда көлік апатына түсіп, оң қолымның басынан айырылдым. Ол кезде мектепке әлі бармаған едім. Сондықтан бәрін бірден сол қолмен істеуге үйрендім, жазуды да сол қолмен меңгердім. Сол себепті қатты психологиялық күйзеліс болған жоқ.
Кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі болып жұмыс істеген кезде, мүгедектігі бар түрлі санаттағы адамдармен тығыз жұмыс істеуге мүмкіндік алдым. Сонда ересек кезінде аяқ-қолынан айырылған адамдарға жаңа жағдайға бейімделудің қаншалықты қиын екенін көрдім. Өйткені өмір бойы еңбек етіп, отбасын асырап жүрген адам кенеттен бұрынғыдай жұмыс істей алмай қалса, бұл оның өмірін түбегейлі өзгертеді.
Ал мен бұл жағдаймен бала кезімнен өмір сүріп келе жатқандықтан, оны өмірімнің бір бөлігі ретінде қабылдадым. Әрине, мұндай жағдай ешқашан ұмытылмайды, ойыңнан кетпейді. Бірақ ол өмір сүруге кедергі келтіретіндей деңгейде емес.
– Сіз еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі болып жұмыс істедіңіз. Яғни мүгедектігі бар адам әрі бұрынғы мемлекеттік қызметкер ретінде бұл жүйенің қыр-сырын жақсы білесіз. Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін жасалған қазіргі жағдайға қандай баға берер едіңіз?
– Жалпы алғанда, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін жасалған жағдайды нашар деп айта алмаймын. Заңнамадағы өзгерістерге қарасақ, олардың барлығы азаматтардың жағдайын нашарлатпау қағидатына негізделген. Яғни өзгерістер бұрыннан бар қолдау шараларын күшейтуге бағытталған. Бұл жеңілдіктерге де, оңалту құралдарына да, мемлекет көрсететін әлеуметтік көмекке де қатысты.
Сонымен қатар, әлеуметтік сала – мемлекеттік бюджеттен ең көп қаржы бөлінетін бағыттардың бірі. Сондықтан ол кейде сынға ұшырап жатады. Бірақ бұл қаражат босқа жұмсалып жатқан жоқ. Оның басты мақсаты – азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру.
Әрине, мүгедектігі бар адамдарды қолдау жүйесінде әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстар бар. Бірнеше жыл бұрын осы салада қызмет еткендіктен, өз тәжірибеме сүйеніп айта аламын: біздің команда Мемлекет басшысы қойған міндеттерді барынша сапалы әрі жедел жүзеге асыруға күш салды.
Мен цифрландыру бағытына жауап бердім. Сол кезеңде қазірге дейін жұмыс істеп тұрған Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды. Бұл мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау қызметтерін барынша цифрлық форматқа көшіруге бағытталған маңызды жоба болды.
Әрине, барлық процесті толық цифрландыру мүмкін болған жоқ. Соған қарамастан, жүйенің ашықтығы артты, көптеген қызметті алу мерзімі қысқарды, сондай-ақ кейбір өңірлерде кездескен заңсыз әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік туды. Дегенмен бұл бағыттағы жұмысты әлі де жалғастыру қажет. Өйткені кез келген өзгерісті бір мезетте жүзеге асыруға мемлекеттің де мүмкіндігі жете бермейді.
– Қазақстанда заманауи протездер қаншалықты қолжетімді? Мемлекет оларды сатып алу мен жөндеу шығындарын өтей ме?
– Білуімше, бүгінде белгілі бір негіздер болған жағдайда, мемлекет есебінен анағұрлым заманауи, оның ішінде миоэлектрлік протез алуға өтініш беруге болады. Мұндай мәселелер өтініш негізінде қаралады. Адам өтініш береді, содан кейін уәкілетті органдар оның қаржыландырылуы туралы шешім қабылдайды. Егер өтініш мақұлданса, конкурс өткізіліп, жұмысты талаптарға сай келетін компаниялардың бірі атқарады.
Оңалту бағдарламасы бойынша маған протез қарастырылған. Алайда қазіргі пайдаланып жүрген протезімді өз қаражатыма сатып алдым және ол шетелде жасалған. Ал кез келген протез уақыт өте келе жөндеуді және техникалық қызмет көрсетуді қажет етеді. Сондықтан оны жөндету қажет болса, өз қаражатыма қайтадан сол жерге барып жөндетуіме тура келеді. Оның үстіне үйреніп қалған протезді басқа модельге ауыстыру оңай емес. Протез – адамның денесінің бір бөлігіне айналатын өте жеке бұйым. Сондықтан мен бұл мәселе бойынша мемлекетке жүгінбеймін.
Ал бағасына келсек, қазіргі протезімді он жылдан астам уақыт бұрын алғанмын. Сондықтан оның бүгінгі құнын нақты айта алмаймын. Бірақ соған ұқсас сапалы әрі функционалды протездердің бағасы қазір шамамен 10 мың доллардан басталады. Әрине, арзанырақ нұсқаларын табуға болады. Мысалы, 3D-принтер арқылы жасалатын протездер. Бірақ жалпы баға өндірушіге, қолданылатын материалдарға, ампутация деңгейіне және қол немесе аяққа арналғанына байланысты өзгереді. Кейбірінің құны бірнеше мың доллар болса, күрделі үлгілері ондаған, тіпті жүздеген мың долларға дейін жетуі мүмкін.
– Өзіңіз кейбір тегін әлеуметтік қызметтерден саналы түрде бас тартқан екенсіз. Сіздің ойыңызша, бүгінде мүгедектігі бар азаматтардың көбі өздеріне тиесілі мемлекеттік қолдау шараларын толық әрі тиімді пайдаланып жүр ме?
– Мемлекеттік қолдаудан толықтай бас тарттым деп айта алмаймын. Мысалы, жәрдемақы аламын, соның өзі маған жеткілікті. Бұдан бөлек қосымша төлемдер алмаймын.
Қазір алғым келетін нәрсе болса, ол – жаттығуға арналған арнайы спорттық қондырғылар. Осы мәселе бойынша жеке протез орталықтарына жүгіндім. Ресейде протездерге арналған түрлі спорттық саптамалар бар. Бірақ оларды дұрыс орнатып, адамның жағдайына бейімдеп беретін маман қажет. Әзірге маған мұндай шешім ұсынған ешкім болмады. Сондықтан уақыт өте келе өзім сол жаққа барып, бұл мәселемен айналысуыма тура келетін шығар. Алайда әзірге оған уақыт тапшы.
Мен тегін санаторий-курорттық ем алу құқығымды ешқашан пайдаланған емеспін. Себебі оған аса мұқтаж емеспін. Оның үстіне министрлікте жұмыс істеген кезде мұндай жолдамалардың қалай бөлінетінін көрдім. Көп адам өтініш бергенімен, қаржы шектеулі болғандықтан, жолдама бәріне бірдей жете бермейді. Сондықтан бұл мүмкіндік маған аса қажет болмаса, оны шынымен мұқтаж адам пайдаланғаны дұрыс деп есептеймін. Меніңше, бұл – әлдеқайда әділ шешім.
– Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға арналған қолжетімді орта мен мемлекеттік қолдау жүйесінің дамуын қалай бағалайсыз?
– Меніңше, соңғы жылдары жағдай біртіндеп жақсарып келеді. Әсіресе ірі қалаларда оң өзгерістер байқалады. Мен осы салада жұмыс істеген кезде бұрын салынған ғимараттарды бейімдеу мәселесімен айналыстық. Өйткені жаңа нысандарға қойылатын қолжетімділік талаптары құрылыс нормаларында нақты көрсетілген. Ал бұрын салынған ғимараттарға қатысты талаптар өзгеше болды.
Жалпы қалалық орта туралы айтсақ, көптеген нысанның қолжетімділігі әлі де жеткіліксіз. Соған қарамастан, мемлекет адамдардың жүріп-тұруын жеңілдететін басқа да тетіктерді дамытып келеді. Соның бірі – инватакси қызметі. Әрине, мұнда да шешімін күткен мәселелер бар: көлік саны жеткіліксіз, тапсырыс беру қиын, ал сұраныс қолда бар мүмкіндіктен әлдеқайда жоғары.
Кезінде Yandex Go сервисі арқылы инватакси шақыруға мүмкіндік беретін пилоттық жобаны іске қосқан едік. Алайда, менің білуімше, бюджет қаражатының шектеулі болуына байланысты бұл жоба кеңінен жүзеге асырылмады. Себебі такси бағасы үнемі өзгеріп отырады, ал бюджет алдын ала бекітіледі. Сондықтан мемлекет, бір жағынан, мүмкіндігінше көп адамды қамтуға, екінші жағынан, бөлінген қаражат шегінен шықпауға мәжбүр.
Тағы бір айта кететін жайт – біздің әлеуметтік қолдау жүйеміз негізінен бақылауға құрылған. Бұл мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін көмекке ғана емес, жалпы әлеуметтік салаға тән. Көптеген елде тәсіл басқаша: алдымен адамға сенім білдіріледі, ал заң бұзушылық анықталған жағдайда ғана жауапкершілікке тартылады. Бізде, керісінше, көмектің қаншалықты негізді беріліп жатқанына және оның мақсатты пайдаланылуына алдын ала бақылау жүргізуге басымдық беріледі.
Сондықтан Әлеуметтік қызметтер порталының іске қосылуы үлкен маңызға ие болды. Ол жүйенің ашықтығын арттырып, қызмет алушылар мен қызмет көрсетушілердің жұмысын жеңілдетті. Сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың шынымен мұқтаж адамдарға жетуін бақылауға мүмкіндік берді.
Өкінішке қарай, кез келген жүйені жеке мүддесіне пайдаланғысы келетіндер табылады. Мұндай жағдайлар атаулы әлеуметтік көмекке қатысты да кездесті. Кейбір отбасылар қағаз жүзінде талаптарға сай болғанымен, шын мәнінде жақсы үйі мен көлігі бар, тұрмысы әлдеқайда жоғары бола тұра әлеуметтік көмек алушылар қатарына енген. Сондықтан мемлекет бүгінде көмекті шынымен қажет ететін азаматтарды дәлірек анықтауға мүмкіндік беретін тетіктерді іздестіріп келеді.
– Бодибилдинг жарыстарына қатысу сіз үшін нені білдіреді? Бұл өзгелерге бір нәрсені дәлелдеудің жолы ма, әлде өзіңізді сынау ма?
– Шын мәнінде, бұл өмірде ешкімге жеңілдік берілмейді. Адамның мүгедектігі бар ма, жоқ па – бәрібір, өмірдің көптеген саласында бәріміз бірдей бәсекеге түсеміз. Иә, белгілі бір әлеуметтік қолдау бар. Бірақ, мысалы, бизнесте оның ешқандай артықшылығы болмайды. Мен де өзгелер секілді сол ортада еңбек етемін. Сондықтан бодибилдингпен айналысудағы мақсатым ешқашан өзімді өзгелерге дәлелдеу болған емес. Бұл спортқа ең алдымен өзім үшін келдім.
Өмірде де, бизнесте де өзіңе тәуелді емес жағдайлар өте көп. Серіктестер, мемлекеттік органдар, экономикалық ахуал және басқа да сыртқы факторлар – мұның бәрі сенің өміріңе ықпал етеді. Бірақ оларды толық бақылау мүмкін емес.
Ал бодибилдингтің маған ұнайтын тұсы – мұнда барлығы дерлік өз қолыңда. Дене дайындығым, тәртібім, тамақтануым мен жаттығуым – бәрі өзіме байланысты. Режимді сақтаймын ба, жоқ па, өзіме жеңілдік жасаймын ба, жоқ па – оны өзім шешемін.
Сондықтан мен үшін кіммен жарысатыным аса маңызды емес. Ең бастысы – осы жолды соңына дейін жүріп өте алатынымды өзіме дәлелдеу. Тәртіпті сақтап, бірнеше ай бойы дайындықты бұзбай жалғастыра алатынымды көрсету.
Жарыстан кейін өмірге басқаша қарай бастайсың. Тіпті қарапайым тағамның өзі бұрынғыдан әлдеқайда дәмді болып сезіледі. Өмірге деген көзқарасың, өз мүмкіндігіңді бағалауың және басымдықтарың өзгереді. Осындай жолдан өзің өткенде ғана бір нәрсені анық түсінесің: мүмкін емес нәрсе өте аз. Көп жағдайда бәрі адамның өз ойын, тәртібін және ерік-жігерін қаншалықты басқара алатынына байланысты. Қалғанының бәріне еңбек арқылы қол жеткізуге болады.