Олжас Құспеков: Университеттер өндіріс сұранысына бейімделуі керек
Өңірлік университеттер ғылымды өндіріс қажеттілігімен байланыстырып, еңбек нарығына сұранысқа ие мамандар даярлауы тиіс. Құрылтай депутаты Олжас Құспеков жоғары білім жүйесін дамыту, шетелдік университеттермен әріптестік және «Халықтық құрылыс» жобаларының кадр даярлауға ықпалы туралы пікір білдірді.
Астана, NEGE. Қазақстанда жоғары білім мен ғылымды дамыту, өңірлік университеттердің әлеуетін арттыру және экономиканың сұранысына сай мамандар даярлау мәселелері өзекті бағыттардың бірі. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда халықаралық тәжірибені игеру, ғылыми зерттеулерді өндіріс қажеттіліктерімен ұштастыру және білім беру жүйесінің еңбек нарығымен байланысын нығайту маңызды.
Астанада өткен III Стратегиялық әріптестер форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымдар мен жетекші шетелдік университеттер өкілдерімен кездесіп, Қазақстанның білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын кеңейту мәселелеріне назар аударды. Мемлекет басшысы шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын өңірлердің экономикалық ерекшеліктері мен кадрлық сұранысына сай дамыту, отандық ғылымның әлеуетін күшейту міндеттерін атап өтті.
Осы орайда Құрылтай депутаты Олжас Құспеков өңірлік университеттердің ғылыми мүмкіндіктерін кеңейту, шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестікті дамыту және білім беру бағдарламаларын өндіріс қажеттілігіне бейімдеу мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ ол «Халықтық құрылыс» аясындағы инфрақұрылымдық жобалардың отандық мамандар даярлауға, жаңа технологияларды игеруге және жастардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпалы жөнінде пікір білдірді.
— Мемлекет басшысы Қазақстанның жоғары білім жүйесін дамытуда өңірлік университеттердің әлеуетін арттыруға және халықаралық тәжірибені енгізуге басымдық беріп отыр. Сіздің ойыңызша, отандық жоғары оқу орындарының ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, заманауи зертханалармен қамтамасыз ету еліміздің ғылым саласына қандай жаңа серпін береді?
— Өңірлік университеттердің ғылыми әлеуетін арттыру үшін ең алдымен ғылымды нақты өндірістік сұраныспен байланыстыру қажет. Зертхана заманауи жабдықпен қамтамасыз етілгені жақсы, бірақ оның нәтижесі өндірісте қолданылмаса, ғылыми жұмыстың экономикалық қайтарымы төмен болады.
Мысалы, белгілі бір өңірде құрылыс материалдары өндірілсе, жергілікті университет сол материалдардың сапасын, жылу сақтау қасиетін, аязға төзімділігін зерттей алады. Мұндай зерттеулер құрылыс компанияларына да, өндірушілерге де тікелей қажет.
Ол үшін кәсіпорындар университеттерге өздерінің нақты мәселелерін ұсынып, зерттеу жұмыстарына тапсырыс бере алуы керек. Ал университет зертханалары тек өз студенттері мен оқытушыларына емес, өңірдегі кәсіпорындарға да қолжетімді болғаны жөн.
Шетелдік университеттермен әріптестік те осы мақсатқа қызмет етуі тиіс. Олар тек білім беру бағдарламасын ашып қана қоймай, жергілікті ғалымдарды даярлауға, бірлескен зерттеулер жүргізуге, технология алмасуға үлес қосуы қажет. Ең маңыздысы – белгілі бір уақыттан кейін жергілікті мамандар сол зерттеулерді өз бетінше жалғастыра алатындай ғылыми орта қалыптастыру.
Ғылымның нәтижесі зертхананың қанша тұратынымен емес, оның қандай мәселені шешкенімен, қандай технологияны өндіріске енгізгенімен өлшенуі керек.
— Президент шетелдік университеттердің филиалдарын өңірлерде ашу кезінде сол аймақтардың экономикалық мамандануы мен кадрлық қажеттілігін ескеру керектігін айтты. Мұндай тәсіл жоғары білім мен нақты өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға қалай көмектеседі?
— Шетелдік университеттердің өңірлерде филиалдарын ашуы – үлкен мүмкіндік. Бірақ мұнда басты мәселе университеттің атақты болуы ғана емес, оның сол өңірге қандай пайда әкелетіні.
Мысалы, Ақтөбе өңірінде мұнай-газ, энергетика және өнеркәсіп салалары дамыған. Сондықтан бұл өңірде ашылатын білім беру бағдарламалары жергілікті экономиканың сұранысына сай болуы керек. Шетелдік университеттің тәжірибесі өңірдегі кәсіпорындарға қажет мамандарды даярлауға бағытталса, оның тиімділігі артады.
Меніңше, әр филиал ашылғанда үш мәселе ескерілуі тиіс: өңірде қандай салалар дамып жатыр, кәсіпорындарға қандай мамандар жетіспейді және сол университет жергілікті білім беру жүйесіне қандай жаңа тәжірибе әкеле алады?
Сонымен қатар шетелдік филиалдар өңірдегі отандық университеттермен бәсекелесіп қана қоймай, олармен бірлесіп жұмыс істеуі керек. Ортақ зертханалар ашу, оқытушылар мен студенттер алмасу, өндірістік жобаларға бірге қатысу – осының бәрі өңірдің ғылыми және кадрлық әлеуетін күшейтеді.
Тағы бір маңызды бағыт – студенттердің дипломдық жұмыстары мен ғылыми жобаларын нақты өндірістік міндеттерге негіздеу. Кәсіпорындар студенттерге деректер мен тәжірибелік алаң ұсынса, жас маман оқу бітіргенде еңбек нарығына дайын болып шығады.
— Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» жалпыұлттық бағдарламасын жариялап, алдағы жылдары еліміздің барлық өңірінде мектептер, емханалар, спорт кешендері, шығармашылық орталықтары және басқа да әлеуметтік нысандар салынатынын айтты. Бұл бастама өңірлердің дамуына және халықтың өмір сапасын арттыруға қандай серпін береді?
— «Халықтық құрылыс» бағдарламасының ең басты маңызы – өңірлердегі адамдардың өмір сапасын жақсарту. Мектеп, емхана, спорт кешені немесе шығармашылық орталығы салынса, оның пайдасын тұрғындар күнделікті өмірінде сезінуі керек.
Меніңше, бағдарламаның нәтижесін тек қанша нысан салынғанымен өлшеуге болмайды. Мектеп салынса, онда білікті мұғалімдер жұмыс істеуі керек. Емхана ашылса, дәрігері мен қажетті құрал-жабдығы болуы қажет. Спорт кешені салынса, балалар мен жастардың оған қолжетімділігі қамтамасыз етілуі тиіс. Яғни, бізге ғимараттың өзі емес, оның халыққа көрсететін нақты қызметі маңызды.
Екінші мәселе – әр жобаның өңір экономикасына беретін пайдасы. Құрылысқа қажетті материалдарды мүмкіндігінше отандық өндірушілерден алу керек. Кабель, құбыр, қабырға панельдері сияқты өнімдерді жергілікті кәсіпорындар шығарса, жаңа тапсырыс алады, өндірісін кеңейтеді, жұмыс орындарын ашады. Сонда бір нысанның құрылысы бірнеше салаға серпін береді.
Сондықтан әр өңірдегі жобалар сол жердің нақты қажеттілігіне сай таңдалып, олардың әлеуметтік және экономикалық тиімділігі алдын ала бағалануы керек.
— Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасы жоғары білім жүйесіне де үлкен жауапкершілік жүктейтінін атап өтті. Себебі ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін кәсіби мамандар қажет. Университеттер құрылыс, инженерия және технология салаларына қажетті кадрларды даярлауда қандай рөл атқаруы тиіс?
— Ірі инфрақұрылымдық жобаны жоспарлағанда біз ең алдымен нысан пайдалануға берілгеннен кейін онда кімдер жұмыс істейтінін ойлауымыз керек. Мысалы, электр стансасын салу үшін тек құрылысшылар мен жобалаушылар емес, кейін оны басқаратын энергетиктер, электр инженерлері, автоматика мамандары, техникалық қызметкерлер қажет болады.
Бұл мамандарды нысан пайдалануға берілер сәтте іздеу кеш. Кадр даярлау жұмысы жобаның басталуымен қатар жүруі тиіс. Ол үшін тапсырыс беруші кәсіпорын алдын ала қандай мамандықтар қажет екенін, қанша адам керек екенін және олар қашан дайын болуы тиіс екенін нақтылауы қажет.
Мұнда университеттер мен колледждердің міндеті де әртүрлі. Университеттер инженерлер мен жобалаушыларды даярласа, колледждер өндірісте тікелей жұмыс істейтін техникалық мамандарды дайындайды. Ал кәсіпорындар студенттерге ақылы тәжірибе, тәлімгерлік және нақты өндірістік ортада білім алу мүмкіндігін ұсынуы керек.
Менің ойымша, жоғары оқу орындарының тиімділігін тек диплом алған түлектер санымен бағалау жеткіліксіз. Сол түлектердің қаншасы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, елдің нақты жобаларына үлес қосып жатқаны да маңызды. Білім беру жүйесі еңбек нарығынан бөлек дамымауы керек.
— «Халықтық құрылыс» аясында деректерді өңдеу орталықтары, электр стансалары және басқа да стратегиялық нысандар салу жоспарланып отыр. Осы жобалар Қазақстанда жаңа мамандықтардың қалыптасуына, ғылыми зерттеулердің дамуына және жастардың кәсіби мүмкіндіктерінің кеңеюіне қандай әсер етеді?
— Деректер орталықтары, электр стансалары және басқа да стратегиялық нысандардың құрылысы Қазақстанда жаңа мамандықтарға сұранысты арттырады. Мысалы, деректер орталығы тек IT мамандарына ғана емес, электр энергетикасы, өнеркәсіптік автоматтандыру, инженерлік жүйелер, салқындату технологиялары бойынша мамандарға да мұқтаж.
Бұл жастар үшін жаңа кәсіби мүмкіндіктер ашады. Бірақ сол мүмкіндікті пайдалану үшін мамандарды шетелден іздей бермей, өз елімізде даярлауымыз керек. Ол үшін университеттер мен колледждер жаңа технологияларға сай оқу бағдарламаларын жаңартып, кәсіпорындармен бірлескен тәжірибені күшейтуі қажет.
Сонымен бірге мұндай нысандардың энергия мен су тұтынуы, қоршаған ортаға әсері де алдын ала ескерілуі тиіс. Мәселен, деректер орталықтарының жұмысы тұрақты электр қуатын және тиімді салқындату жүйелерін талап етеді. Демек, бізге тек нысанды салатын емес, оны энергияны үнемдей отырып басқара алатын инженерлер де қажет.
Меніңше, бүгінгі стратегиялық жобаларға салынған инвестицияның ең маңызды нәтижелерінің бірі – қазақстандық мамандардың жаңа буынын қалыптастыру. Егер біз инфрақұрылымды дамытумен қатар, сол инфрақұрылымды басқара алатын кадрларды даярласақ, жастарға өз өңірінде қалып, сұранысқа ие маман ретінде өсуге мүмкіндік береміз. Сондықтан «Халықтық құрылыс» бағдарламасының ұзақ мерзімді нәтижесін салынған нысандармен ғана емес, сол жобаларда жұмыс істейтін қазақстандық мамандардың санымен, жаңа технологиялардың өндіріске енгізілуімен және жастарға ашылған кәсіби мүмкіндіктермен де бағалауымыз керек.