Олжас Құспеков кейбір экс-депутаттарды «декоративті пониге» теңеді
Republica партиясының кезектен тыс V съезінде партия мүшесі, Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты Олжас Құспеков өзін бизнестің қорғаушысы ретінде көрсететін кейбір саяси күштерді сынға алды.
Астана, NEGE. Оның айтуынша, қоғам бүгінде түрлі саяси ұстанымдарды салыстыруға мүмкіндік алып отыр және кейбір саяси күштердің күн тәртібі өзектілігін жоғалтқан.
«Жылдар бойы екі ортада отырып, жұрт алдында өздерін ақбоз ахалтеке сияқты көрсетеді. Ал шын мәнінде кішкентай сәндік пони болып, жүйеге барынша ыңғайлы кабинет партиясы күйінде қала береді», – деді Олжас Құспеков.
Экс-депутат бизнес пен қоғам символикалық депутаттық сауалдарды емес, нақты реформаларды күтетінін айтты.
Сонымен қатар, кезектен тыс V съезд барысында Republica партиясының жаңа мүшелері таныстырылды. Партия қатарына «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленов пен журналист, «Уәде» бағдарламасының жүргізушісі Ерболат Мұхамеджан қабылданды.