6 мая 2025 г. 16:58

Олжас Бектенов То Ламмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Фото: Үкімет

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Социалистік Республикасы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Алматы, NEGE. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам қол қойған Қазақстан мен Вьетнам арасында стратегиялық әріптестік орнату туралы бірлескен мәлімдемені жүзеге асыру бойынша алдағы жұмыстарға назар аударылды. Сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, азаматтық авиация, туризм саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту, цифрлық қызметтер енгізу және ЖИ интеграциясы бойынша озық тәжірибе алмасу перспективалары қаралды.

Жоғары деңгейде қол жеткізілген тауар айналымын $2 млрд-қа дейін арттыру жөніндегі уағдаластықтар шеңберінде Қазақстанның 35 тауар аталымы бойынша вьетнам нарығына жеткізу көлемін ұлғайтуға дайындығы атап өтілді. Олардың ішінде мұнай-химия, металлургия, химия, машина жасау, тамақ өнеркәсібі және басқа да өнімдер бар.

Ауыл шаруашылығы саласында оң серпін белгіленді. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, Қазақстан мен Вьетнамның АӨК өнімдері бойынша сауда көлемі 3,5%-ға, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу 15 есеге өсті. Сондай-ақ ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға бағытталған заманауи агротехнологияларды енгізу үшін ғылым саласында тәжірибе алмасу келешегі зор бағыт саналады.

Көлік-логистика саласында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясындағы өзара іс-қимылға назар аударылды. Орта дәліз Вьетнамнан жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді, бұл өзара сауданы сапалы жаңа деңгейге шығаруды қамтамасыз етеді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін барлық күш-жігерді жұмсауға ниетті екендерін білдірді.