Премьер-министр Олжас Бектенов Перизат Қайраттың ісіне қатысты пікір білдірді
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Перизат Кайраттың ісіне қатысты пікір білдірді.
Астана, NEGE. Үкімет басшысына: «Қазір Перизат Қайратқа қатысты миллиардтаған қаражаттың жымқырылуына байланысты резонансты іс жүріп жатыр. Осы орайда қайырымдылық қорлары мен қаражат жинаумен айналысатын ұйымдарға қойылатын талаптар мен олардың жұмысына қандай да бір өзгерістер енгізіле ме?», – деген сауал қойылды.
Олжас Бектенов Перизат Кайраттың ісімен таныс екенін айтты.
«Иә, мен бұл жағдайдан хабарым бар. Өкінішке қарай, өмір көрсетіп отырғандай, тек бюджет қаражаты ғана емес, азаматтардан қайырымдылық ретінде жиналған қаражат та мақсатсыз жұмсалып жатыр. Бұл кейс - соның айқын мысалы. Бұл - жалғыз оқиға емес, басқа да мысалдар бар. Бірақ, бұл істі ең резонансты деуге болады. Қаражаттың жұмсалуы туралы есеп бақылауда әрі ашық болуы керек. Сондықтан бұл жерде, меніңше, Үкімет тарапынан да, құқық қорғау органдарының негізінде де, ұрлықтың нақты қалай жүзеге асқанын анықтау керек. Бұл - тиісті заңнамалық түзетулерді қабылдауға мүмкіндік. Болашақта осы секілді құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталады», – деп жауап берді Олжас Бектенов.